МТРА жаңалықтары

Есіл ауданында боранда адасып кеткен бала мен жігіт табылды

Есіл ауданында ат құлағы көрінбейтін боранда адасып кеткен бала мен жігіт табылды.

Кеше Бірлік ауылының 18 және 7 жастағы қос тұрғыны табында жүрген жылқыларын қарауға шығыпты. Көп ұзамай қар жауып, боран басталған екен. Салдарынан екеуі де адасқан. Өздерімен бірге ұялы телефондарын алмаған көрінеді. Сөйтіп, ешкімге хабарласа алмаған. Біраз уақыт өткесін құтқарушыларға жеткіншек пен бозбаланың ата-анасы қоңырау шалып, балаларының жоғалғандығын жеткізеді. 11 маманнан тұратын топ бұл ақпарды ала сала іздеу шарасына кірісіпті. Оларға 30-ға жуық жергілікті тұрғын да жәрдемдескен. Нәтижесінде бала мен жігіт Бірлік ауылынан 5 шақырым жерде Есіл өзенінен табылады. Жағдайлары тұрақты деп бағаланып отыр.

Ерлік Есләмбеков – Есіл аудандық полиция бөлімінің бастығы:

– Сағат кешкі 23:00 кезінде 2 қармен жүретін арнайы техника тізгіндеген мамандар жоғалған азаматтарды тапты. Үлкені кішкентайын арқасына салып алыпты. Ауыл маңында жүріп, қараңғыда адасып қалған. Сондықтан, бізді көрген кезде қуанды. Біз оларды қарда жүретін техникамен үйіне алып келіп, ата-анасына табыстадық. Денсаулықтары жақсы, әке-шешелері бізге ризашылықтарын білдірді.

Ешкенова Дана