Құқық қорғау органдары

СҚО-да өткен аптада 209 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген

Өткен бір апта ішінде өңірде 209 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелген. Бұл жайлы жергілікті тәртіп сақшыларының қатысуымен ұйымдастырылған онлайн жиын барысында айтылды.

Орын алған заңбұзушылықтардың 89% ашылған. Тікелей эфир кезінде полицейлер «Тұрмыс» жедел-алдын алу шарасын да қорытындылады. 7 күнге жалғасқан акция барысында есепте тұрған 4 мыңнан астам адам тексеріліпті. Отбасылық зорлық-зомбылық фактілерін болдырмау мақсатында түсіндіру жұмыстары да жүргізілген. Сондай-ақ, тентек суға тойып алып, тәртіп бұзған 326 адам есепке қойылған. Мамандар орын алған жайттарды жіпке тізген соң, жолда жүру ережелеріне енгізілген өзгерістер жайлы баяндады. Ақпанның 13-інен бастап жүргізушілерге өздерімен бірге жүргізуші куәлігі мен техникалық паспортты алып жүрмеулеріне болады. Көлік иесіне қатысты ақпараттың барлығы арнайы базада бар.

Айдын Байматов – СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы:

 – Қазіргі уақытта патрульдік полиция қызметкерлері мен учаскелік полиция инспекторларының барлығында планшет бар. Оның көмегімен белгілі бір адамға қатысты мәліметтердің барлығын біле аламыз. Егер көлік жүргізушісі куәлігінен айырылған болса, база арқылы оны да бірден анықтауға болады.

Маржан Касымбек