“Өзгерістер жолы: әр азаматқа лайықты өмір!”. Бүгін облыс орталығында “Nur Otan” партиясы жергілікті филиалы фракциясының отырысы өтті. Жиын барысында көшбасшы саяси ұйымның өкілдері 2025 жылға дейінгі сайлауалды бағдарламаны талқыға салды.
Өңірімізде алдағы уақытта білім мен ғылымға, денсаулық сақтау саласына, мәдениет пен спортқа бөлінетін қаржы көлемі ұлғаймақ. Мұның нәтижесінде ауқымды өзгерістер орын алмақ. Мәселен, елді мекендердегі ауруханалар қажетті қондырғылармен жабдықталады. 2023 жылға дейін дәрігерлердің жалақысы 2,5 есеге өседі. Жұмыссыздықты жою да назардан тыс қалмайды. Алдағы уақытта өңірімізде 65 мыңнан астам жаңа жұмыс орны пайда болмақ. “Бұның барлығын сәтті жүзеге асыру үшін қоғамдық бақылауды одан әрі күшейту қажет”,- деді “Nur Otan” партиясы облыстық филиалының төрағасы Құмар Ақсақалов. Бұл ретте жауапкершілік жүгі депутаттарға артылмақ.
Құмар Ақсақалов – “Nur Otan” партиясы СҚОФ төрағасы, СҚО әкімі:
– Бағдарламада көрсетілген шаралардың жүзеге асырылуына қаражат бөлінген. Сондықтан, өңірімздегі барлық деңгейдегі депутаттар бұны жіті бақылауы керек. 5 жылдан кейін біз берген уәделердің барлығы орындалуы тиіс. Бастысы – бақылау жұмыстары сапалы болуы шарт.
Бисенова Жанна