Құқық қорғау органдары

СҚО полицейлері киберқылмыскерді ұстады

Аққайың ауданының полиция қызметкерлері өткен жылдың шілде айынан бері іздеуде жүрген киберқылмыскерді қолға түсірді.

Ол 50 жастағы аудан тұрғынын алдап кеткен. Өзі интернетте оңай жолмен ақша табуға болатыны туралы жазып, «Белгілі соманы жіберсеңіз, еселеп қайтады”,- деген. Бастапқы жарна 500 теңгені құрапты. Уәделенген соманы қолына алған нәзікжанды ақшаға қызығып, 2 аптаның ішінде алаяққа тағы 90 мың теңге жіберген. Оның 30 мыңы табыс ретінде қайтарылған. Қалғанынан айырылып қалған екен. Пысықайдың құрығына түскенін ұққан әйел полицияға жүгінеді. Тәртіп сақшылары қызметтік іс-сапар кезінде Қостанай қаласының 24 жастағы тұрғынын қолға түсірді. Ақша иесіне қайтарылды. Аталған факті Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді. Айта кеткен жөн, қазіргі уақытта облыста киберқылмысқа қарсы “Anti-fraud” атты іс-шара өтіп жатыр. 2 күнде заңға қайшы контенті бар сайттарға 80 сілтеме анықталған. Оларды бұғаттау туралы өтінім құзырлы органдарға жіберілген.

 

 

Казиканова Алтынай