Аптадағы маңызды жаңалықтар

Тимирязев ауданының әкімі Нұрлан Кеңесов есеп берді

Тимирязев орталық аудандық ауруханасына мамандар жетіспейді. Өткен жылы емдеу мекемесінен 3 бірдей дәрігер кетіп қалған. Бұған себеп – медициналық кадрлардың баспанамен қамтылмауы. Бұл мәселе биыл қалай шешіледі? Облыс әкімі қандай тапсырма жүктеді? Тимирязев ауданының әкімі Нұрлан Кеңесов  атқарылған жұмыс пен алдағы жоспары жайлы  онлайн өткізген есеп беру жиынында айтты.

Денсаулық сақтау мен білім салалары, агроөнеркәсіптік кешен. Соңғы аталғаны бойынша Тимирязев ауданында 13 пайыздық өсім байқалады. Яғни, былтыр жалпы көлемі 39,3 млрд теңгені құрайтын өнім өндірілген. Сондай-ақ, 100-ден астам техника сатып алыныпты. Мемлекеттік бағдарламалар қалай жүзеге асырылып жатыр? Аудан әкімі Нұрлан Кеңесов бұған да тоқталып өтті.

Нұрлан Кеңесов – Тимирязев ауданының әкімі:

– Қарапайым заттар экономикасы» аясында 13 жоба іске асырылып жатыр. Осы мақсатқа 359,5 млн теңге бөлінген болатын. «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында жалпы сомасы 37 млн теңгені құрайтын 70 грант берілді. Осылайша, 20 жаңа жұмыс орны пайда болды. «Бастау-Бизнес» жобасы негізінде 40 адам кәсіпкерліктің қыр-сырын меңгерді. 3 тұрғын Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорынан 6% жеңілдетілген несие алды.

Құрылысқа келейік. Өткен жылы Тимирязев пен Жарқын ауылында 46 үй салынған. Баспаналардың барлығы жұмыс күші басым өңірлерден қоныс аударған жандарға берілді. “Өткен жылы жол жөндеу жұмыстарына ерекше көңіл бөлінді”,- дейді аудан әкімі Нұрлан Кеңесов. Айтуынша, республикалық, облыстық, аудандық және ауылішілік 110 шақырым жолға асфальт төселген. Шаруа биыл да жалғасады.

Нұрлан Кеңесов – Тимирязев ауданының әкімі:

– Биыл Тимирязев ауданының шекарасынан Сергеевка қаласының бұрылысына дейінгі жол жөндеу көрмек. Оған 262 млн теңге қарастырылып отыр. Сарыкөлге апаратын учаскені күтіп-ұстауға 15 млн теңге бөлінді. Ленинское ауылына кіреберістегі аудандық маңызы бар жол қалыпқа келтірілмек. Сондай-ақ, алдағы уақытта Докучаево, Хмельницкое елді мекендерінде өткен жылы бастау алған шаруа аяқталатын болады. Яғни, «Ауыл-ел бесігі» жоба аясында ауылішілік көшелерге асфальт төселмек.

Жолмен қатар жүретін мәселелердің бірі – су. Түйткіл былтыр 7 елді мекенде шешімін тапқан. Тимирязев, Докучаево, Степное, Комсомольское, Жарқын ауылдарына су құбыры өткізілсе, Хмельницкоеға 8 су колонкасы орнатылған. Осылайша аудандағы 22 елді мекеннің басым бөлігі орталықтандырылған жүйге қосылып отыр. Алайда, қалған екеуінде таза тіршілік нәрі әлі күнге дейін жоқ.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биылдан бастап Тимирязев ауданында ауқымды жоба қолға алынбақ. Оның аясында ауылдарда 10 су станциясы салынатын болады. Жоспарға сәйкес, бұл шаруа 2 жылда аяқталуы тиіс. Осылайша, тіршілік нәріне қатысты мәселе толықтай шешімін таппақ.

Алайда, орталықтандырылған су желісін тартпас бұрын ең алдымен мынадай мәселеге жіті назар аудару қажет деді Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Тұрғындар көп шоғырланған ауылдарда құдық санын көбейту қажет. Өйтпеген жағдайда, одан тартылған құбыр кей үйлердің есігіне дейін жетпей қалуы мүмкін. Ал тұрғындардың құбырды ұзартып, баспана ішіне кіргізуі үшін қомақты қаражат қажет. Осындай шикі тұстар туындамасын. Жобаны жан-жақты зерттеуді тапсырамын.

Нұрлан Кеңесов өз баяндамасында интернет жайлы ештеңе айтпады.
Тұрғындар сұрағын жазбаша түрде жолдапты. Жерлестеріміздің басым бөлігі ауылішілік жолдың, жарықтың, балалар ойын алаңқайы мен спорт нысандарының жоқтығына шағымданған. Нұрлан Кеңесов мәселелердің барлығы кезең-кезеңімен шешіледі деп уәде берді. Ол үшін аздап уақыт керек деді. Ал келесі жағдай аудан орталығындағы ауруханаға қатысты. Медициналық мекеменің құрал-жабдықтары жаңартылып, тиісті жағдай жасалып жатыр. Алайда, дәрігерлер саны жыл сайын азаюда.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– В прошлом году из-за проблем с жильем из района убыло 3 врачей. Это – педиатр, терапевт, врач общей практики. Не смогли удержать. Я считаю это много.

Есесіне күні кеше медициналық мекемеге 3 дәрігер қабылданыпты. Былтырғы жағдай биыл қайталанбауы үшін Құмар Ақсақалов мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету керектігін айтты. Тиісті жағдайын жасап, көмек көрсету қажет. Бұл үрдіс жалғасын тапса, кадрлар ауданға өздері-ақ тартылатын болады.

Маржан Касымбек