Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысында 2 мыңнан астам адам арнайы курстарға жазылып, қазақ тілін меңгеруде. Дені – мемлекеттік қызметшілер. Араларында ана тілімізді үйренуге ниетті өзге ұлт өкілдері көп. Жерлестерімізге білікті де, білімді мамандар сабақ беруде. Дәрістердің бірінде арнамыздың түсірілім тобы да болып қайтты.
Бұл – мемлекеттік тілді меңгеруге ниетті қала тұрғындары. Қазір оқытушы оларға күнделікті өмірде қолданатын сөздер мен жалғауларды үйретуде. Қатысушылардың жас ерекшеліктері де, жұмыстары да әр түрлі. Мәселен, күтушілік қызмет атқаратын Маргарита Пимонова 26 жаста. Ол қазақшаны ерекше себеппен үйреніп жатыр. Нәзікжанды қара көз әжемізге күтім жасайды екен. «Қариямен сөйлесіп, ойын ұғу үшін қазақ тілін үйреніп жатырмын»,- дейді жерлесіміз.
Маргарита Пимонова – қала тұрғыны:
– Бүгін қазақ тілі курсының екінші күні. Мен бұл курстың басталатынын ватсап желісі арқылы білдім. Еш ойланбастан қатысуды шештім. Себебі, таныстарымның басым бөлігі қазақ тілінде сөйлейді. Және күтім жасайтын әжемен де емін-еркін сөйлескім келеді. Сабақ беріп жатқан оқытушыны білікті маман деп айтар едім. Ол өз жұмысына асқан жауапкершілікпен қарайды әрі ойындағысын жеңіл жеткізеді. Мұндай мұғаліммен тілді тез меңгеріп аламыз деп ойлаймын.
Курс аптасына 2 рет, нақтырақ айтсақ, сейсенбі мен бейсенбі күндері өтеді. Тұрғындарға ыңғайлы болу үшін орталық мамандары сабақ уақытын кешкі 6 жарымға бекітіпті. 1 дәрістің ұзақтығы 80 минутты құрайды. Мұғалімдер тыңдаушыларға қазақ тілін кестелік жүйе бойынша оқытуда. Яғни, мектеп бағдарламасындағы дүниелердің барлығын жинақтап, түсіндіруде. Негізгі басымдық етістікке жасалған.
Орал Жанатов – Облыстық тілдерді оқыту орталығы басшысының орынбасары:
– Ересектерге арналған курс 40 сағат болады. Бұл 2 жарым айға созылады. 40 сағаттың соңында әр тыңдаушы 70-тен астам етістік біліп шығуы керек. Өзінің ойын қарапайым сөйлеммен құрастыратын жағдайға жетуі керек. 2 жарым айдан кейін аралық бақылау алынады. Жақсы өткендер келесі деңгейге көшіріледі. Онда да 40 сағаттық курс өтеді.
Орталықта тұрғындарға қазақ тілін үйретуге жоғары білімі бар 44 мұғалім тартылған. Оның 6-уы – магистр дәрежесіндегі мамандар. Сондай-ақ, мұнда тыңдаушылардың сабаққа қатысуы қатаң түрде қадағаланады. “Аталған курстар қазақ тілінің мәртебесін көтеруге септеседі”,- дейді орталық өкілдері.
Үмітжан Шынтемірова – Облыстық тілдерді оқыту орталығының басшысы:
– Ай сайын мониторинг жүргіземіз. Орталықта электронды база құрдық. Онда тыңдаушылар туралы ақпарат енгіздік. Бұл ақпарат жыл сайын жаңарып отырады. 02:01-29
Биылғы жылы телесабақтарды және мұғалімге көмек ретінде жаттығулар жинағын әзірлеуді жоспарлап отырмыз. Тыңдаушылардың қызығушылықтарын арттыру мақсатында әр түрлі іс-шаралар өткізетін боламыз.
Жалпы, орталықта 124 қазақ тобы құрылған. Яғни, 2205 адам. Оның басым бөлігі – мемлекеттік қызметкерлер. 78 топ – қала тұрғындарынан, ал қалғаны аудандардан жиналыпты. Соңғысына қашықтықтан оқыту әдісі қарастырылған. Аталған курстар қараша айына дейін жалғасатын болады.
Казиканова Алтынай