МТРА жаңалықтары

Облыстағы 51 мектепке биоқазандық орнатылған

Көмірді, бюджет қаржысын үнемдеуге мүмкіндік береді! Бүгінде өңірдегі 118 нысан баламалы әдіспен жылытылады. Яғни, бұл ғимараттарға биоқазандық орнатылып, қара отынның орнына сабан жағылуда. Тізімде 51 мектеп те бар. Заманауи қондырғыға Қызылжар ауданы Новокаменка ауылындағы оқу ұясы да қосылған.

Мына кабинетте биология сабағы өтіп жатыр. 7-ші сыныпта оқитын 4 бала оқу жылының алғашқы жарты жылын қашықтықтан өткізді. Себебі, карантинге байланысты мектепке келіп оқуға тек бастауыш сыныптарына ғана рұқсат етілді. Ал 3-ші тоқсанда бәрі қайта қалпына келді. Бастысы, санитарлық талаптар қатаң сақталуы тиіс. Бүгінде жалпы саны Новокаменка орта мектебінің 160 оқушысы 2 ауысым бойынша білім алуда.

Жұлдыз Жайлыбаева – Новокаменка орта мектебі директорының орынбасары, Қызылжар ауданы:

– Оқушыларды медбике қарсы алады. Температурасын өлшеп, қолдарын өңдейді. Сабақ 40 минутқа созылады. 10 минуттық үзіліс кезінде қызметкерлер сыныпты тазалайды. Терезені ашып, бөлмені желдетеді.

Қатаң ережелер, маска мен санитайзерлер. Мектеп оқушыларын қауіпті вирустан сақтау үшін тиісті шаралардың барлығы қолға алынған. Әйтеуір, биыл бірде-бір бала коронавируспен ауырмаған. Санитарлық тазалық – жіті назарда. Мектеп ішінің жайлы әрі жылы болуы да бақылауда. Мұнда 3 жыл бұрын жылытудың баламалы әдісі қолға алынған. Ескі пештің орнында жаңа замануаи қазандық жұмыс істеп тұр. Нысан көмірмен емес, биоотынмен жылытылады. Сабан – табиғи таза, шығатын күлі аз әрі оған қоса солтүстік өңірде сабан жетерлік.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Бізде бидай, зығыр, рапс, сұлы сынды дақылдардың бірнеше түрі өсіріледі. Күзгі жиын-терім жұмыстарынан кейін алқаптарда өсімдік масақтары, сабақтары қалатыны мәлім. Ал олардан осындай отын әзірлеуге болады. Мына 1 бума сабанның салмағы шамамен 300 келіні құрайды.

Аяз күшейсе тәулігіне сабанның 7-8 бумасы жағылады. Ал егер далада сынап бағанасы -20 градустан жоғарыласа, 4-5 тең жеткілікті.

Жандарбек Тоқпаев – пеш жағушы:

– Көмір жаққан кезде қиын болатын.  Температураны жақсы сақтайды. Жұмысы таза. 1 жарым, 2 сағат жанады. Қалдықтары аз. Тәулігіне 2 рет шығарамыз.

Биоотынның ең басты тиімділігі де осы. Берген жылуы ұзақ сақталады.

Маржан Қасымбек – тілші:

– Батареялардың ыстық болғаны соншалық, ұстасаң қолың күйеді. Нысанның іші де жып-жылы. Термометрге назар аударайық. +21 градусты көрсетіп тұр.

Расымен де бұрын жылыту маусымынан шығу үшін шамамен 450 тонна көмір жағылып келген. Оның 1 тоннасының құны кем дегенде 12 мың теңге тұрады. Ал сабан қара отынға қарағанда екі есеге арзан.

Жақсылық Төлешов – Новокаменка орта мектебінің директоры, Қызылжар ауданы:

– Бұрын 18-19 жылуды көрсететін. Қазір одан да жоғары. Көп жағатын болсақ, мектептің іші қайнап кетеді. Нысанның ішінде +20-21 градусты ұстап тұрмыз. Сабанмен әлдеқайда қолайлы. Қазандық – “Агроприфиль” серіктестігінің қарамағында.

Бүгінде өңірде жылытудың баламалы әдісі 51 мектепте қолға алынған.

Азамат Бектасов – СҚО энергетика және ТҮКШ басқармасы басшысының орынбасары:

– 2015 жылдан бастап биоқазандық орнатылып жатыр. Бүгінгі таңда 118 қазандық бар. 16,7 мың тонна көмір мен 117 млн теңге үнемделді. Айта кету керек, қазандық ЭКСПО-да көрсетілді.

Биыл өңірде тағы 3 мектепке биоқазандық орнатылмақ.

Маржан Қасымбек