Бизнес және экономика

Былтыр АШҚҚ қоры өңірде 800-ге жуық жобаны қаржыландырған

800-ге жуық жобаға – 3 млрд 800 млн теңге. Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының облыстық филиалы өткен жылы  осындай көлемде жоспар орындаған. Несиенің денін ауылда тұратын ағайын мал шаруашылығын дамытуға алған.

Мына жиһаз салоны Жанар Айткалиева есімді азаматшаға тиесілі. Дүкеннен үйге және кеңсеге қажетті дүниенің барлығын табуға болды. Киім ілгіштен бастап жатын гарнитурасына дейінгінің бәрі бар. Тауардың барлығы сапалы әрі бағалары қолжетімді. Нәзікжандының бұл салада еңбек етіп жүргеніне 15 жылдан асыпты. Бастапқыда жолдасымен бірге шағын тумбалар жасап, сатқан екен. Уақыт өте келе іскер жан бизнесін кеңейтіп, үлкен жиһаз әзірлеуге көшкен. Ол үшін мемлекет қолдауына жүгініпті. Ал былтыр тауар тасымалдайтын ескі көліктерін жаңалап алған екен.

Жанар Айткалиева – “Айткалиева Ж.М” ЖК директоры:

– “Даму” қорынан 6 пайызбен несие алдық. Жаңа газельге және 5 млн қосымша тауар алу үшін. Түркістан қаласынан дивандар алдық. Біз корпустық мебельдер жасаймыз. Олар: Ас үйге арналған үстел, шкафтар, тумбалар. Осыларды жасап, салонға қоямыз.

Ал мына жерде “Пасека семьи Пилипушко” шаруа қожалығының өнімдері сатылады. Пилипушколар отбасы 85-ші жылдан омарташылықпен айналысады. Олардың Мағжан Жұмабаев ауданында аралардың 250 жанұясы бар. Ара өсірудің қыр-сырын жетік білетін жандар сан түрлі аурудың алдын алатын бал жинайды. Қолдарында адам ағзасына пайдалы әрі шипалы өнімнің 12 түрі бар. Тәттіден бөлек, табиғи таза майлар, шамдар, сабын мен косметика жасайды. Былтыр еңбекқор отбасы бизнестерін одан әрі өрге домалату үшін Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына жүгінген.

Ярослава Пилипушко – “Пасека семьи Пилипушко” ШҚ директорының орынбасары:

– Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорына бірінші рет 2015 жылы жүгіндік. Ол жерден ақшалай қарыз алып, іске қажетті техника сатып алдық. Өткен жылы аталған қордан тағы да несие рәсімдедік. Ақшаға бал айдауға арналған заманауи жабдық алдық. Осының арқасында өндіріс көлемі 3 пайызға артты. Енді үстіміздегі жылы жеміс-жидек қосылған бал жасауға жасағалы отырмыз.

Өткен жылы Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қорының жергілікті филиалы 767 жобаны қаржыландырған. Жалпы сома – 3,8 млрд теңге. Оның 2 жарым млрд-тан астамы “Еңбек” бағдарламасы аясында үлестірілген. Қаражаттың басым бөлігі ауылдағы іскер жандарға берілген. Петропавлдықтардың үлесі 540 млн теңгені құрайды.

Олжас Сағындықов – “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚОФ несие бөлімінің басшысы:

– 2021 жылғы жоспар 2,8 млрд теңгені құрайды. “Еңбек” бағдарламасы шеңберінде 1,7 млрд теңге несие беру көзделіп отыр. Оның ішінде Петропавл қаласының кәсіпкерлерін қаржыландыруға 587 млн теңге қарастырылған.

Мамандардың айтуынша, өңірде “Еңбек” бағдарламасы бойынша несие алып, өз кәсібін ашуға ниетті жандардың қатары жыл санап артуда.

 

 

 

Ешкенова Дана