Петропавлдық саудагерлер демалыс күндері жұмыс істеуге рұқсат сұрап отыр. Айтуларынша сатып алушылардың басым бөлігі тек сенбі мен жексенбіде ғана келеді екен. Енгізілген карантиндік талаптардың салдарынан шығынға белшеден баттық дейді. Былтыр көктемде жеткізілген киім-кешектің өзі әлі күнге дейін өтпепті.
Кәсіпкерлер үшін сенбі мен жексенбі – аптаның ең табысты күндері. Жұмыстан қолы босаған жұрттың көбісі дәл осы уақытта сауда жасауға ағылатындары рас. Бірақ, бұл кезде нысан ішіндегі сауда нүктелері жұмысын тоқтатады. Ал кәсіпкерлер дүниелерімізді өткізе алмай шығынға ұшыраймыз дейді.
Ольга Ножевых – кәсіпкер:
– Шағын дүкендер мен аспан астындағы базарлар шаруаларын жалғастыра береді. Ал біз үйде отырамыз. Тұтынушыларымнан айырылдым. Саудам мүлдем жүрмей тұр. Мен де пайда тапқым келеді. Балаларымды асырау керек. Қанша дегенмен, санитарлық талаптарды қатаң сақтап жұмыс істеп жүрміз ғой.
Базардың басшылығы жалдау ақысын 25 пайызға төмендеткен. Бірақ, соның өзінде қарызды өтеу қиын екен. Кәсіпкерлер атқарушы органдардан демалыста жұмыс істеуге рұқсат беруді сұрайды. Ал басқа күндері үйде отыруға дайынбыз дейді. Саудагерлердің бұйымтайына санитарлық-эпидемиологиялық департаменттің мамандары былай деп жауап берді:
– Облыстық бас мемлекеттік санитарлық дәрігердің 18 қаңтардағы №2 қаулысына сәйкес, жабық киім-кешек базарлары сенбі және жексенбі күндері ғана қызметін тоқтата отырып, күн сайын сағат 9-дан 20-ға дейін жұмыс істей алады. Біздің өңір қазіргі уақытта – “қызыл аймақта”. Кәсіпкерлік саласы қызметкерлерінен жағдайға түсіністікпен қарауларын сұраймыз. Егер эпидахуал жақсарса, карантиндік шараларды жеңілдету туралы мәселе қарастырылады.
Бердимурат Баймухан