Жаздың қамын қыс ойла. Осы күндері диқандар өңірдің егістікке арналған алқаптарында қар тоқтатып жатыр. Шаруа 3 млн-ға жуық гектарды қамтуы тиіс. Бүгінге дейін маңызды істің 17 пайызы орындалған.
“Сервис-ЖАРС” серіктестігі қар тоқтату жұмысын осыдан бір жұма бұрын бастаған. Агроқұрылымның 6 мың гектар жері бар. Биыл соның 1 мың гектарына жасанды жолмен ақ ұлпа жиналмақ. Іске екі бірдей “К-700” тракторы жұмылдырылған. Алыстан көзге түсетін сары техниканың бірін Жеңіс Қаскенов тізгіндеген. “Қазір тындырылып жатқан шаруаның, күзде орылатын егінің сапасы мен көлеміне тікелей қатысы бар”,- дейді жерлесіміз.
Жеңіс Қаскенов – “Сервис-ЖАРС” ЖШС механизаторы, Қызылжар ауданы:
– “Сервис-ЖАРС”-та жұмыс жасап жүргеніме 5 жыл болды. Егіннің бітік шығуы үшін қыста осылай еңбек етеміз. 18 сек Қардың түскенінен бастап қарды тоқтату керек.
Алқапта қар тоқтату жұмысының өзіндік әдісі бар. Трактордағы адам арнайы агрегатпен үлкен шеңбер жасайды. Нәтижесінде биіктігі ондаған сантиметрлік атжалдар пайда болады. Осы атжалдар ақ ұлпа түскенде немесе боран соққанда қарды танапта ұстап қалады.
Наргиз Ақжігітова – СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бас маманы:
– Өңір аграрийлері қазіргі таңда қар тоқтату жұмыстарымен айналысып жатыр. Бұл шара топырақты құнарлы етуге және қыстайтын өсімдіктерді сақтап қалуға көмектеседі. Жоспар бойынша біздің өңірде 3 миллионға гектарға жуық аумақта қар тоқтатылуы тиіс. Бүгінде жоспардың 17 пайызы орындалды.
17 пайызы дегеніміз – 512 мың гектар. Наргиз Ақжігітованың сөзінше, бүгінде тегіс жердегі қардың қалындығы 10-18 сантиметрді құрайды. Ал өткен жылдың дәл осы кезеңінде ақ ұлпаның биіктігі 5-15 сантиметр болыпты.
Алдияр Айтпаев