МТРА жаңалықтары

Ақпанның 1-інен бастап СҚО толығымен цифрлық телехабар таратуға көшеді

Сапалы дыбыс пен бейне! Ақпанның 1-інен бастап Солтүстік Қазақстан облысы толығымен цифрлық телехабар таратуға көшеді. Аналогтан сандық форматқа көшу “Цифрлы Қазақстан” мемлекеттік бағдарламасы аясында жүзеге асырылуда. Қазірдің өзінде Петропавл қаласы мен оған жақын орналасқан ауылдарға – 26, ал алыс елді мекендерге 11 арнаның хабарлары сандық форматта таратылуда. Қатарында Муниципалдық телеарна да бар.

Ақпарат және коммуникация министрлігінің жарлығына сәйкес, толықтай цифрлық форматқа ауысу желтоқсан айында бастау алды. Бүгінге дейін облыс көлемінде 42 радиотелевизиялық станция орнатылған. Нәтижесінде өңірдегі 617 елді мекеннің халқы отандық телеарналарды сандық жүйеде тамашалауға мүмкіндік алып отыр.

Дәурен Самұратов – “Қазтелерадио” АҚ СҚО радиохабар тарату дирекциясы филиалының бас инженері:

– Осылайша 537 780 адам «цифрға» қолжетімді болды, ал бұл – облыс халқының 98 пайызы. «Қазтелерадио» АҚ техникалық орталығының мәліметі бойынша аналогтық телерадиохабар тарату желісі өшірілген соң, 4 мыңнан астам халқы бар 21 елді мекен ЦЭТВ қамту аумағынан тыс қалады. Бұл елді мекендер бойынша іс-шаралар жоспарына сәйкес қосымша жұмыстар жүргізіледі.

Сапалы дыбыс пен бейне! Бұл – цифрлық форматтың аналогтық хабар таратудан басты артықшылығы. Одан бөлек, бұл жаңашылдықтың негізінде отандық арналардың саны мен жылдамдығы және таралу аумағы да артпақ.

Дәурен Самұратов – “Қазтелерадио” АҚ СҚО радиохабар тарату дирекциясы филиалының бас инженері:

– Жаңа форматқа көшу – Ресей Федерациясымен шекаралас орналасқан біздің облыстағы елді мекендер үшін өте маңызды шара. Өйткені, тұрғындар көрші мемлекеттің телеарналарын көруге мәжбүр еді. Енді жерлестеріміздің ұлттық және жергілікті арналарды тамашалауға мүмкіндігі бар.

Жалпы, сандық форматқа ауысу тегін. Бастысы, теледидардың “DVВ-T2” стандарты болуы керек. Мұндай болмаған жағдайда оны тұрмыстық және компьютерлік техника дүкендерінен сатып алуға болады. 193 колл-орталығы мен 36-04-70 нөміріне хабарласып, сұрақ қоюға болады. Айта кетейік, 1-ші ақпаннан бастап цифрлық эфирлік телехабар тарату жүйесіне Солтүстік Қазақстан облысынан бөлек, Алматы қаласы да 100 пайыз қосылмақ.

 

 

 

 

Бисенова Жанна