Жұртқа жақын полиция. Облыс орталығында адам көп жүретін жерлерде заманауи стационарлық бекеттер салынып жатыр. Өткен жылы осындай 2 нысан орнатылған, биыл 4 бірдей қосын пайда болмақ. Полиция қызметкерлерінің айтуынша бұл құқық бұзушылықтардың алдын алуға септеседі.
Жанна Бисенова – тілші:
– Желтоқсан айында Петропавлда 2 жаңа стационарлық полиция бекеті пайда болды. Қос нысан қаламыздың адам көп жүретін жерлерінде тұр. Соның бірі дәл осы маңда, яғни “City Mall” сауда орталығының аумағына қойылыпты. Бекет заманауи. Байқасаңыздар, сырты әйнекпен қапталған.
Әйнекпен қапталудың өзіндік мәні бар. Витражды терезе мамандар жұмысының ашықтығы мен мөлдірлігін қамтамасыз етуге септеседі. Нысан ішіне кірген кезде өзіңді тура полиция бөлімшесіндегідей сезінесің. Себебі, жұмыс істеу үшін барлық жағдай жасалған. Мұнда заманауи компьютер, стационарлық телефон мен дабыл түймесі бар. Бекеттің іші мен сыртында бейнебақылау камералары орнатылған. Оған орталықтағы қызметкерлер тікелей қосылып, болып жатқан жағдаймен таныса алады.
Қанат Жұмабаев – қалалық ПБ бірінші полиция бөлімшесі бастығының міндетін атқарушы:
– Стационарлық пунктте учаскелік инспектор, патрульдік пен ювеналдық полиция қызметкерлері жұмыс істейді. Біздің мақсатымыз – халыққа жақын болу, кез келген уақытта көмек көрсету. Өтініштерін дер кезінде шешуде де қолғабыс етеміз. 02:54 Бұзушылық анықталған жағдайда заң бұзушыға қатысты хаттама толтырылады.
Жаңа стационарлық бекет 24 сағат бойы жұмыс істейді. Жаңашылдықтың ерекшелігі де осында. Яғни, әр адам тәртіп сақшыларының көмегіне кез келген уақытта жүгіне алады.
– Маған жаңа бекеттер ұнайды. Сырты да ерекше жасалыпты.
– Енді аумақ тыныш әрі қауіпсіз бола түсті. Полицейлер күні-түні бойы кезекшілік атқарады. Кез келген уақытта көмек беруге әзір.
– Заманауи пункттің қойылғанын дұрыс деп санаймын. Баламмен Конституция көшесінде жиі серуендейміз. Қауіпсіздігіміз үшін алаңдамайтын болдық.
Тәулік бойы жұмыс істеу үшін нысан ішінде тиісті жағдай жасалу керек. Бұл ретте проблема жоқ. Себебі, бекет іші жылы, тіпті, жарық пен су өткізілген. Ауданы жағынан да бұрынғыдан 4 есе үлкен. Мұндағы мамандар 2 ауысыммен қызмет етеді екен.
Қанат Жұмабаев – қалалық ПБ бірінші полиция бөлімшесі бастығының міндетін атқарушы:
– Бұрынғы посттар ауданы жағынан кішкентай болатын. Ол жерде бейнебақылау камерасынан басқа техника болған жоқ еді. Ал қазіргі пункттердің іші кең. Ішінде тамақ ішетін жері мен дәретхана бар. Адамдарды қабылдайтын жерде де қысылмай отыруға болады.
Айта кетейік, әзірге, Петропавлда 2 заманауи полиция бекеті орнатылған. Екіншісі Қазақстан Конституциясы көшесінде, нақтырақ айтсақ, орталық саябақтың кіреберіс тұсында тұр. Алдағы уақытта шаһардың шеткері аудандарына осындай 4 су жаңа пункт қою жоспарланып отыр.
Жанна Бисенова