Жақында сайлау өтіп, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісіндегі депутаттар құрамы 70 пайызға жаңарғаны мәлім. Елдің елеулісі, халықтың қалаулысы атанған жандардың қатарында жерлесіміз Дмитрий Колода да бар.
Тарихи күнде жерлесіміз Дмитрий Колода да Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты атанып, мандатқа ие болды.
Дмитрий Колода – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Ең алдымен сайлау кезінде шетте қалмай, дауыс берген әр жерлесіме алғысымды білдіремін. Бізге сенім артқандарыңыз үшін рақмет. Алдағы уақытта елім үшін тынбай еңбек етіп, халқымыздың әлеуметтік жағдайын жақсартуға қызмет ететін боламын.
Дмитрий Колода Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі атанды. Ол депутаттардан құралған жұмыс тобымен бірге арнайы заң жобасын қарастырып, өзара талқылайтын болады.
Дмитрий Колода – ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
– Мәжілісте 7 тұрақты комитет бар. Оған Аграрлық мәселелер, Әлеуметтік-мәдени даму, Заңнама және сот-құқықтық реформа, Қаржы және бюджет, Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік, Экология мәселелері және табиғат пайдалану мен Экономикалық реформа және өңірлік даму комитеттері жатады. Бұл ұйымдарға мүшелік ететін депутаттар өзіне тапсырылған міндеттерді жүзеге асыру аясында жұмыс істейді.
Қаңтардың 15-сі күні өткен жиында ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 7 комитетке 7 түрлі тапсырма берген болатын. Көздеген мақсатқа жету үшін барлық салаларда дәйекті өзгерістер жасалынбақ.
Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президентң:
– Тәуелсіздіктің 30 жылдығында кешенді реформалар жүргізілетін болады. Барлық күш-жігерімізді тиімді мемлекет пен әділетті қоғам құруға жұмылдыруымыз керек. Басты басымдық – халықтың тұрмыс сапасын жақсартып, әл-ауқатын арттыру. Жұрт жасанды жетістіктерді емес, көзбен көріп, қолмен ұстайтын нақты нәтижені күтеді. Халық экономикалық және әлеуметтік бағдарламалардың жемісті болғанын қалайды. Біз осы мақсаттағы ауқымды жұмыстарға барлық белсенді азаматтарды тартамыз.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінде 107 депутат бар. Сайлаудан кейін төменгі палатаның құрамы 70 пайызға жаңарды.
Маржан Касымбек