Қоғам

“Ғаламшардың досы – эколог” атты онлайн көрме ұйымдастырылды

Ғаламшардың досы – эколог. Бүгін осындай тақырыпта Ғабит Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасында онлайн-көрме өтті.

Шағын іс-шара жас оқырмандарға арналып ұйымдастырылып отыр. Басты мақсат – ұл-қыздарды табиғатты аялап, қоршаған ортаны сақтап, бағалауға баулу. Сондай-ақ, балғындардың назарына жан-жануарлар мен өсімдіктер әлемінен сыр шертетін отандық және Ресейлік авторлардың қолынан туған дүниелер ұсынылды. Кітапхана қызметкерлерінің сөзінше, осындай шаралардың көмегімен оқырмандар үйден шықпай-ақ, өздеріне керекті біраз ақпаратты ала алады.

Гүлия Ережепова – Ғ.Мүсірепов атындағы ОБЖК кітапханашысы:

– Біздің бөлім мектеп жасына дейінгі және 1-4-ші сынып оқушыларына арналған. Пандемияға дейін мұнда оқырмандар келіп, өздерінің сүйікті кітаптарын алып оқи алатын. Ал қазір барлығы – онлайн форматта. Сол себепті, біз де қашықтықтан жұмыс істеудеміз. Жалпы, осы бөлімде 500-ге тарта қоршаған орта жайлы жазылған дүниелер бар. Солардың ішіндегі ең маңызды, ең керекті дегендерін бүгінгі көрмеге қойып отырмыз. Мұның барлығын оқырмандар кітапхананың инстаграм парақшасы арқылы тамашалай алады.

 

Казиканова Алтынай