Құқық қорғау органдары

Өңірде ауа райының қолайсыздығына байланысты жолдар жабылды

Бүгін таңертең аймақта дауылды ескерту жарияланды. Ауа райының қолайсыздығына байланысты барлық бағыттағы жолдар жабылды. Полиция қызметкерлері мен құтқарушылар жүргізушілерге алыс жолға шықпауға кеңес береді.

Сағат күндізгі 12-лер шамасы. Бұл уақытта Омбыға шығар бағыттағы айналма жолда ондаған көлік бірінен соң бірі тізіліп тұр. Темір тұлпарларды полиция қызметкерлері мен құтқарушылар әрі қарай өткізбейді. Қалаға тек кіруге ғана рұқсат. Салынған тыйымға үсті-үстіне жауған қар мен ақтүтек боран себеп. Сапарға шыққан жүргізушілер болса, жолдың жабылуына наразылықтарын білдіріп жатыр.

– Көлігімнің ішінде балалар отыр. Мақсатымыз – бар-жоғы 25 шақырым жердегі Асаново селосына жету. Елді мекен аса алыс емес. Бірақ, мамандар жолды жауып, жібермей тұр.


– Трассаны жауып тастады. Қазір – күндізгі уақыт, бәрі жақсы көрініп тұр. Жолдарды түнде жабу қажет. Сонда ешкім наразылық білдірмейді.

Полиция қызметкерлері мен құтқарушылар машиналарды шаһардан шығармаймыз дейді. Себебі, адам өмірі – бірінші орында.

Серік Наурызбаев – СҚО ТЖД бөлім бастығы:

– Адамдар жолда қалып қоймас үшін трассаларды жабуға тура келді. Боранды күнде тұрғындар тұрғылықты елді мекендерінен ұзап кетпеулері қажет. Себебі, мұндай ауа райында жолға шығу аса қауіпті. Кез келген уақытта көлік қар құрсауында қалып немесе өзге жағдай орын алып, адамдар зардап шегуі мүмкін. Қабылданған шараға түсіністікпен қарауды сұраймыз.

ТЖД мамандарының сөзінше жыл басталғалы бері өңіріміздегі жолдар осымен екінші рет жабылып отыр. Абырой болғанда қар құрсауында қалып қойған жандар тіркелмеді. Табиғи апат айтып келмейді. Құтқарушылар егер де ат құлағы көрінбейтін боранда, сарышұнақ аязда жолда қалсаңыздар бірден 112 нөміріне хабарласу қажеттігін ескертеді.

Серік Наурызбаев – СҚО ТЖД төтенше бөлім бастығы:

– Сондай-ақ, жолда қалған жағдайда көліктің алдыңғы жағын желге қарама-қарсы қойыңыздар. Мұндай жағдайда қозғалтқыштағы пайдаланылған газ көліктің салонына кірмейді. Тағы, жанар-жағармайды үнемдеуге тырысыңыздар. Егер қатты боран соқса, ара-тұра темір тұлпардың есігін ашып, жиналған қарды лақтырып отыру қажет.

Қазір трассаларды тазартуға жауапты кәсіпорындар қызу іске кіріскен. Жолдарды қардан аршуға 100-ден астам техника тартылған. Бүгін облыс аумағында желдің жылдамдығы секундына 30 метрге дейін жетті. Жолдардың қашан ашылатыны, әзірге, белгісіз. 

Ешкенова Дана