Кешкі жаңалықтар

Арнайы репортаж 10.01.2021

Бердімұрат БАЙМҰҚАН – тілші:

– Бүгін Петропавлда Парламент Мәжілісі, облыстық және қалалық мәслихат депутаттарын сайлау өтіп жатыр. Қазір біз шаһардағы №595 сайлау учаскесінің алдында тұрмыз. Саяси дода таңғы сағат 7-де басталды. Сайлау комиссиясы төрағасының айтуынша дәл осы жерде бүгін 1400 қала тұрғыны өз таңдауын жасайды екен.

Петропавл жұртшылығы таң атысымен тұрғылықты мекен жайы бойынша бекітілген сайлау учаскелеріне бет алды. Дауыс беруге келгендердің арасында ардагерлер де, жастар да бар. Бәрінің мақсаты бір: Ел болашағы үшін дұрыс таңдау жасау.

–  Әр адамның дауысы еліміздің болашағы үшін өте маңызды. Сол үшін бүгін мен дауыс беруге келдім.

– Отбасымызбен дауыс беруге келдік. Әрбіреуіміз алдын ала партиялардың сайлауалды бағдарламаларымен жіті таныстық. Дұрыс таңдау жасадым деп ойлаймын.

Сайлау учаскесінде барлық тазалық талаптары сақталған. Дауыс беруге келген жандар үшін арнайы санитарлық бұрыш әзірленген екен. Мұнда олар бетперде мен қолғап киіп, қолдарын антисептикпен тазартады. Ал сайлау комиссиясы мүшелерінің арасында 2 метр арақашықтық бар. Ел көлемінде өтіп жатқан маңызды саяси шараға облыс әкімі Құмар Ақсақалов қатысып, өз таңдауын жасады.

Өз таңдауын жасағаннан кейін өңір басшысы тілшілерге сұхбат беріп, сайлаудың ерекшелігіне тоқталды.

Құмар АҚСАҚАЛОВ – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Биылғы сайлаудың өзгешелігі – депутаттардың сайлауы партия тізімі арқылы өтіп жатыр. Мұны, әрине, қазақстандық парламентаризмнің жаңа парағы деп айтуға болады. Және де жаңа саяси мәдениетімізді қалыптастырып жатырмыз.

Айта кетейік, таңғы сағат 11-ге дейін облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығында орналасқан №595 сайлау учаскесіне 70-тен аса адам келіп дауыс берді. Ал сағат 16:00-дегі мәлімет бойынша 465 жан өз таңдауын жасапты.

***

№620 сайлау учаскесіне таңмен таласа тұрған солтүстікқазақстандықтар келіп жатыр. Барлығының мақсаты бір – еліміздің ертеңі үшін дауыс беру. Сондай жандардың бірі – Амангелді Сағындықұлы.

Жерлесіміз таңдау жасауға өзі ғана емес, зайыбымен бірге келіпті. “Бүгін дауыс беріп, өзіміздің азаматтық парызымызды орындадық” дейді Амангелді ағамыз.

Амангелді Сағындықұлы – қала тұрғыны:

– Өзім зейнеткермін. Үш баланың әкесімін. Бүгін келіншегім екеуміз еліміздің ертеңі, балаларымыздың болашағы жарқын болсын деп өз таңдауымызды жасадық. Елімізге тиыштық беріп, Қазақстанымыз гүлдей берсін.

Бұл сайлау учаскесінде де санитарлық талаптар қатаң сақталуда. Келушілердің дене қызуы өлшенуде, маскасы жоқ адамдарға бетперде ұсынылуда. Санитайзерлер де ұмыт қалмаған. Әр келуші дауыс бермес бұрын қолдарын арнайы сұйықтықпен өңдеуі тиіс. Бақылаушы мамандардың да жұмысын айта кетейік. Олар кезекте тұрған жандарға әлеуметтік арақашықтықты сақтау қажеттігін үнемі еске салып жүр.

Елена Ешманова – №620 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы:

– №620 сайлау учаскесіне 2405 адам тіркелген. Яғни, бүгін осынша петропавлдық келіп, дауыс беруі қажет. Сағат 10-дағы жағдай бойынша тұрғындардың 360-сы өз таңдауын жасады. Сайлау процесі кешкі сағат 20:00-ге дейін жалғасады.

Айта кеткен жөн, сайлау учаскесіне белгілі бір себептермен келе алмайтын жандар үшін арнайы қызмет қарастырылған. Олардың үйлеріне учаске өкілдері барып, дауыстарын қабылдайды. Таңғы 10-ға дейін арнайы комиссияға үйде таңдау жасағысы келетін 7 жерлесімізден өтініш түсіпті.

***

Дана Сәлімқызы – тілші:

– Өңір аудандарында да дауыс беру қызу жүріп жатыр. Біз таңғы 10-дар шамасында Мамлютка қаласында орналасқан 325-ші сайлау учаскесіне келдік. Мұнда 3 сағаттың ішінде 200-ден астам адам өз таңдауын жасапты. Жалпы, бұл жерде 1105 сайлаушы дауыс береді деп күтілуде.

Маңызды шараға Мамлютка қаласының аға буын өкілдерінің зор жауапкершілік танытқаны байқалады. Белгіленген сайлау учаскесіне ерте келіп, таңдау жасауда. Солардың бірі – 54 жастағы Химмат Амалбекова. Нәзікжандының қасында жолдасы мен баласы да бар. Жерлестеріміз дауыс бермес бұрын барлық партияның сайлауалды бағдарламасымен алдын ала жіті танысып, көңілден шыққан тұстарды ой елегінен өткіздік дейді.

Химмат Амалбекова – Мамлютка қаласының тұрғыны:

– Ертерек келіп дауыс бердік. Басқа да тұрғындар көптеп келуде. Менің ойымша таңдау жасау – әр қазақстандықтың парызы.

Тарихи маңызды оқиға Арман Әбілқайыровтың есінде қалатыны анық. Себебі, Солтүстік Қазақстан кәсіптік-педагогикалық колледжінің 3-ші курс студенті сайлауға тұңғыш рет қатысып отыр. Бозбаланың қобалжып тұрғаны байқалады. Дегенмен, ол көңілінен шыққан партияны белгілеп, қолындағы қағазды жәшікке салды.

Арман Әбілқайыров – Мамлютка қаласының тұрғыны:

– 5 бірдей партияның сайлауалды бағдарламасын тыңғылықты оқып шықтым. Бүгін, міне, өзіме ұнаған саяси ұйымға дауыс беріп отырмын. Студент болғасын мені білім саласы көп қызықтырады. Жылда бөлініп жатқан гранттардың саны артса деймін. Сондай-ақ, мен сияқты жастарға жеткілікті көлемде жатақхана салынса деген өтінішім бар.

Мамлютка қаласындағы №325 сайлау учаскесі Мәдениет үйінде орналасқан. Мұнда халыққа 5 адамнан тұратын арнайы комиссия қызмет көрсетуде. Дауыс беру пунктінің ішінде санитарлық талаптар қатаң түрде сақталған. Бетперде таққан, қолдарын антисептикпен өңдеген азаматтар кезекпен кіріп, өз таңдауларын жасап жатыр.

Руслан Омаров – №325 учаскелік сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары:

– Әр сайлаушы үшін қалам мен қорғаныс маскасы сатып алынды. Әр үстелдің үстінде антисептик тұр. Дауыс берушілердің арасында әлеуметтік арақашықтық қатаң түрде сақталуда. Сайлау комиссиясының мүшелері де тиісті қорғаныс құралдарымен қамтылған.

Айта кетейік, бүгін Мамлют ауданында 31 сайлау учаскесі жұмыс істеп жатыр. Оның 4-уі Мамлютка қаласында орналасқан.

***

Алтынай Қазиқан – тілші:

– Қазір біз Петропавлдағы 4-ші емханадамыз. Мұнда №642 сайлау учаскесі орналасқан. Өздеріңіз көріп тұрғандай, қауіпсіздік шаралары – басты назарда. Арнайы мамандар тұрғындарды ішке тексеріп қана кіргізіп жатыр. Учаскеде жалпы 2099 адам дауыс беруі тиіс. Сағат 11-дегі ақпаратқа сүйенсек, соның 226-сы өз таңдауын жасапты.

Таңдау жасағандардың бірі – жергілікті Қозыбаев университетінің студенті Жомарт Айтбай. Ол демалыс күніне қарамастан ерте дауыс беруге келіпті. 18 жастағы жерлесіміз партиялардың барлығын жақсы білемін, сайлауалды бағдарламаларымен жіті таныстым дейді.

Жомарт Айтбай – студент:

– Педагогика саласының, заңгерліктің дамығанын қалаймын. Медицина саласы да одан әрі дамыса екен деймін. Қазіргі таңда қаланың сыртында үлкен аурухана салынып жатыр. Жалпы, медицина саласының дамуы Солтүстік Қазақстан облысына зор пайдасын тигізер еді.

Учаске өкілдерінің айтуынша, бұл жерде дауыс беретіндердің дені – жастар. Көбі алғаш рет таңдау жасап жатыр екен. Тізімде жергілікті университеттің студенті Ғибадат Есенбергенова да бар. 19 жастағы бойжеткен саяси додаға зор жауапкершілікпен қарағанын жасырмады. Сөзінше, осындай маңызды сәтте қыз-жігіттер белсенділік танытып, еліміздің болашағы үшін сайлауға қатысулары қажет.

Ғибадат Есенбергенова – студент:

– Бүгін біздің мемлекетіміз үшін айрықша күн. Мен Қазақстан Республикасының азаматшасы ретінде шетте қалмай, таңдауымды жасап жатырмын. Шыны керек, толқып тұрмын. Өз басым додаға түскен саяси партиялардың барлығы жастарға қазіргіден де көбірек жағдай жасаса деймін. Яғни, ұйымдар сапалы білім алуға, замандастарымды қолжетімді баспанамен қамтуға одан әрі күш салса. Сонда мемлекетіміздің дамуына серпін берер жастардың қатары артатыны анық.

***

Маржан Қасымбек – тілші:

– Біз қазір Ғ.Мүсірепов атындағы облыстық балалар мен жасөспірімдер кітапханасындамыз. Мұндағы №577 сайлау учаскесі жұмысын таңғы 7-де емес, уақытынан ерте, 6 жарымда бастады. 4 сағат ішінде шамамен 150-ден астам адам келіп, таңдауын жасады.

Келушілердің кіреберісте дене қызуы өлшеніп, жаңа маска мен қолғап табыс етілуде. Санитарлық талаптарға сай кабинкалардың шымылдығы ашық қалдырылған. Тарихи күннің куәсі болуға ниет білдірген жандардың арасында Амандық Жантеміров те бар. Қазақстанның құрметті журналисі сайлаудан бір де бір рет шет қалмаған.

Амандық Жантеміров – Қазақстанның құрметті журналисі:

– Сайлау женсенбіге сәйкес келіп отыр. Халықтың қазір қолы бос. Сайлауға міндетті түрде қатысу керек. Болашағымыз жарқын болып, еліміз өркендей берсін.

Қоғам белсендісі өз сөзінде еліміздегі сайлау жүйесінің ерекшелігіне тоқталып өтті.

Амандық Жантеміров – Қазақстанның құрметті журналисі:

– Сайлау жүйесі әр мемлекетте әр түрлі. Тиімдісі де, тиімсізі де бар. Бірнеше ғасырдан бері сайлау өткізіп келген Американың өзінде жүйе дұрыс құрылмаған. Міне, сондықтан, сайлау жүйесін жетілдірген өте маңызды. Бұл орайда біздің ел әрдайым алға жылжып келеді.

Жалпы, №577 сайлау учаскесіне 1700 адам тіркелген.

Гүлия Ережепова – №577 учаскелік сайлау комиссиясының хатшысы:

– Сайлау ойдағыдай өтіп жатыр. Осы күнге көбі қатысады деп ойлаймыз. Түсініспеушілік болмады. Орын алмайды деп ойлаймыз.

9-шы орта мектебінде орналасқан №641 сайлау учаскесіне де таңмен таласа оянған жандар келіп, дауыс беріп жатыр. Арасында жастар да, егде жастағы жандар да бар.

Надежда Рудикова – қала тұрғыны:

– Осындай маңызды күнде белсенділік таныту арқылы өзіңнің патриот екеніңді көрсетесің. Сондықтан, сайлауға қатысып, таңдау жасайық. Туған жеріміздің болашағы мен дамуы – біздің қолымызда.

Айта кеткен жөн, қос сайлау пунктінде де дауысты үйде отырып беруге ниет білдірген жандар болмады. Азаматтардың барлығы дерлік таңдауын арнайы учаскеге келіп жасауда.

***

Жанна Бисенова – тілші:

– Бүгін арна тілшілері бірнеше сайлау учаскесінде болып, сол жердегі жағдайды біліп қайтты. Айта кету қажет, әр пунктте дауыс беру барысын арнайы комиссиядан бөлек, халықаралық бақылаушылар да жіті қадағалап отыр.

Бүгінгі дауыс беру үрдісі – өңірімізге арнайы келген ресейлік қонақтардың ерекше назарында. Түмен облысының өкілдері петропавлдық сайлау учаскелерін аралап жүр. Одан бөлек, бүгін мамандар Айыртау, Қызылжар және Аққайың аудандарындағы жұмыс барысымен танысты. Тәжірибелі бақылаушылар облысымыздағы дауыс беру үрдісі ашық және әділ өтуде дейді. Айтуларынша, еш тәртіп бұзушылық тіркелген жоқ.

Игорь Халин – ТМД атынан бақылаушылар миссиясының өкілі:

– Біз таңертеңнен бері қаладағы сайлау учаскелерін аралап жүрміз. Байқағанымыз – жергілікті халық өте белсенді. Дауыс беруге жастардан бастап қарттарға дейін қатысуда. Елдегі маңызды шарадан ешкім қалыс қалғысы келмейді. Барлық учаскелерде санитарлық талаптар да қатаң түрде сақталуда. Біздің мақсатымыз – сайлау барысын әділ бағалап, ашықтықты бақылау. Бұл іске біз зор жауапкершілікпен қараймыз.

Бақылаушылар 2 адамнан 3 топқа бөлінген. Олар құжаттардың дұрыс толтырылуын тексереді. Тағы, дауыс көлемін санау барысын қадағалайды. Жалпы, ресейлік мамандар Қазақстандағы сайлау барысын бағалауға 2004 жылдан бері ат салысып жүр. Жұмыс сапарымен көбінесе Солтүстік Қазақстан өңіріне келеді екен. Түмендіктер 17 жылдың ішінде облысымыздың қарқынды дамып келе жатқандығын да ерекше атап өтті.
Жалпы, өңірдегі саяси маңызды науқанға 3 жарым мың бақылаушы қатысты. Оның 6-уы – ресейлік мамандар.

***

Дана Сәлімқызы – тілші:

– Біз қазір жергілікті университеттің 2 корпусында орналасқан №580 сайлау учаскесіндеміз. Сағат кешкі – сегіз. Дәл осы уақытта жалпы ел көлемінде дауыс беру аяқталды. Енді арнайы комиссия өкілдері жәшікке салынған бюллетеньдерді санауға кіріспек.

Жәшіктегі қағаздарды санауға кіріспес бұрын комиссия мүшелері қолданылмаған бюллетеньдерді санауды бастап кетті. Енді бұл парақтар пайдаланылмайды. Сондықтан бұрыштары қиылып жатыр.

Жалпы, №580 учаскелік сайлау комиссиясына 6 мыңға жуық бюллетень беріліпті. Соның 4400-ден астамы қолданылмапты. Айта кетейік, университеттің 2 корпусында Пушкин, Интернационал және Бостандық көшелерінде тұратын қалалықтар таңдау жасаған. Ұсынылған ақпаратқа сүйенсек, бұл жерге 1900-ден астам адам тіркеліпті. Кешке дейін солардың 600-ге жуығы дауыс берген екен. Санитарлық талаптар қатаң түрде сақталған. Ешқандай ереже бұзушылық фактісі тіркелмепті.

Алла Васильева – №580 учаскелік сайлау комиссиясының төрайымы:

– Біздің учаскеде дауыс беру сәтті өтті. Таңертеннен келушілерді қабылдадық. Олар ішкі маска тағып, қолдарын антисептикпен өңдеп кірді. Адамдардың дене қызулары да өлшенді. Жалпы, дауыс беру барысын 18 бақылаушы қадағалады. Мамандардың тарапынан ешқандай ескерту жасалмады. Менің ойымша біздің учаскедегі қызметкерлер өздеріне жүктелген міндетті абыроймен атқарды. Енді жәшіктегі бюллетеньтерді санайтын боламыз.

Учаскеде орналасқан жәшік пен жылжымалы жәшік кешірек ашылмақ. Бұдан соң комиссия өкілдері бақылаушы мамандардың қатысуымен бюллетеньдерді санауға кіреседі. Жарамсыз қағаздар да осы жерде анықталады. Естеріңізге сала кетейік, ҚР Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттары сайлауына 5 партия қатысты. Саяси доданың қорытындысы ертең, яғни қаңтардың 11 күні жарияланады.

Дана Сәлімқызы