МТРА жаңалықтарыАуыл шаруашылығы

Облыс әкімі жұмыс сапарымен Айыртау ауданында болды

Туған жерге туын тіккен азамат! Бахыт Құсайынов есімді жерлесіміз құлдырап кеткен ауылдың ажарын ашты. Қазір ол Айыртау ауданындағы Прекрасное селосында 600 басқа шақталған сүт-тауарлық ферма салып жатыр. Ал былтыр 11 үй тұрғызыпты. Оларға күнгейден келген қоныстанушылар орналастырылған.

Осыдан тура 8 жыл бұрын Айыртау ауданындағы Прекрасное селосы қайтадан жанданады, тұрғындардың тұрмысы түзеледі дегенге сену қиын еді. Себебі, мұнда электр қуаты болмапты, ғимараттардың басым бөлігі қирап жатыпты. Ал халқының саны 2 зейнеткерді құраған екен. Елді мекенді Бахыт Құсайынов есімді азамат аяғынан тік тұрғызды. Прекрасное – кәсіпкердің кіндік қаны тамған жер. Ауылдағы ескі шаруашылықтың орнында іскер жан жаңа кәсіпорын ашқан.

Бахыт Құсайынов – «Әдемі астық» ЖШС директоры, Айыртау ауданы:

– 2013 жылы бірінші ферманы салдық. 2015-те екінші ферманы тұрғыздық. Ал былтыр 600 басқа шақталған су жаңа заманауи кешеннің құрылысын бастадық. Қызу жұмыс өзіміздің ақшаға атқарылып жатыр. Қондырғыларды Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі есебінен несие рәсімдеп аламыз. Бүгінге дейін 178 млн теңге рәсімдедік.

Қаңтардың соңында құрал-жабдықтар, ал қыркүйекке қарай асыл тұқымды сиырлар жеткізілмек. Кәсіпорынмен бірге село да біртіндеп дамып жатыр. Бахыт ағамыз қалтасынан қаржы бағыттап, елді мекенген электр энергиясын тартыпты, көшелерге жарық шамдарын орнатыпты және жұмысшыларға жатақхана салып берген. Қазіргі таңда 25 еңбеккер бар. Алдағы жоспар ауқымды. Болашақта ауылда демалыс орталығын, дүкен, шаштараз, фельдшерлік-акушерлік пункт, спорт алаңын тұрғызу көзделген. Іске мамандар тартылады. Оларды Бахыт Құсайынов қоныс аударушылардың арасынан таңдап алыпты. Өз кезегінде бизнесмен қоныстанушыларға жағдай жасаған. Мұндағы үйлер қаладағы баспаналардан кем емес.

Татьяна Александрова – Прекрасное селосының тұрғыны, Айыртау ауданы:

– Үйіміз өте жылы. Баспанадағы едендер жылытылады. Кәсіпкер жергілікті өндірушілерден жиһаз сатып әперді. Жасалған жағдайға көңіліміз толады. Барлығын осы селоға шақырамыз. Қиындықтан қорықпаңыздар, жұмыс бәрімізге жетеді.

Жерлесіміз оңтүстікте екі қолға бір күрек таба алмай қиналдым дейді. Татьяна сынды еңбек етемін деген қоныстанушыларға арнап Бахыт Құсайынов жалпы саны 11 үй тұрғызған екен. Баспаналардың әрқайсысына су құбыры мен жылу желісі өткізілген. Азамат мұнымен тоқтап қалмақ емес. Ол биыл аудандағы 3 ауылда 35 тұрғын жай салмақшы. Әрбіреуінің құны 10 млн теңгені құрайды.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бақыттың жұмысы басқа азаматтарға үлгі деуге болады. Осылай жұмыс істеу керек. Адамдарды ойлап, жағдай жасап, үйлер салып.

Туған жерге туын тіккен азаматтың еңбегі елеусіз қалмайды. Мемлекет арнайы бағдарлама аясында үй салу үшін жұмсалған қаражаттың ауқымды бөлігін субсидиялайды. “Ал жергілікті билік абатандыру жұмыстарымен айналысады”,- деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бір көшеге асфальт салайық. Ауыл шаруашылығы саласында еңбек етіп жүрген азаматтар, шаруашылық басшылары осы жерге келіп, қалай жұмыс істеу керек екендігін көру қажет. Халыққа қалай жәрдем жасау керектігін көру керек.

Әңгіме барысында тараптар мал шаруашылығы өте тиімді бизнес түрі екендігін және оны біздің өңірде дамыту қажеттігін алға тартты.

Бахыт Құсайынов – «Әдемі астық» ЖШС директоры, Айыртау ауданы:

– Қазіргі таңда мың гектар жерге дән сепкенге қарағанда 100 сиыр сауған тиімді. Бұған біздің көзіміз жетті. Бүгінде біздің шаруашылықта 230 бас жануар бар. Сүттен түскен ақшаға құрылыс жұмыстарымен айналыстық.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ауыл шаруашылығы саласындағы әр кәсіпорын үлкен көлемде сүт өндіруі қажет. Ақ мол болса, қайта өңдеуші зауыттарда шаруа қызады, жаңа жұмыс орындары пайда болады, экспорт ұлғаяды. Табиғи таза сүт – біздің облыстың ерекшелігі.

Бақыт Құсайыновтың есептеуінше, бір сиыр жылына млн теңге пайда әкеледі және өз-өзін толық көлемде ақтайды. Ал ферма 600 млн табыс табады. Ең бастысы мал шаруашылығы ауа райына тәуелді емес. Яғни, төрт аяқтыларды дұрыс азықтандыру арқылы қыста да, жазда да көл-көсір өнім алуға болады. Бұл жайлы Құмар Ақсақалов айырлаулық фермерлермен өткізген кездесуде айтты. Облыс әкімінің сөзінше, әрбір ірі кәсіпорын басшысының етті немесе сүтті бағыттағы фермасы болуы тиіс.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Өсімдік шаруашылығымен шектелмеу қажет. Өйткені, астықтың бағасы үнемі өзгеріп отырады. Былтырғы жыл диқандар үшін жақсы аяқталды, ал алда не болатыны белгісіз. Сүт пен ет үнемі сұраныста. Оның үстіне қазір Еуропадан өнімділігі аса жоғары мал әкелініп жатыр. Әр бастың орташа сүт өнімділігі жылына шамамен 5,5-6 мың литрді құрайды.

Мал өсірушілерге субсидия мен жеңілдетілген несие де беріледі. Мәселен, Ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі арқылы жылдық үстемақысы 2% құрайтын қарыз рәсімдеуге мүмкіндік бар. Мұндай қолдауды «Арна» фермерлік қожалығы пайдаланыпты. Аталған кәсіпорын 400 басқа арналған сүт кешенін іске қосқан. “Ақылды фермада” ауыр істің барлығы автоматты түрде тындырылады.

Евгения Шмидт – «Арна» ФҚ сауыншысы, Айыртау ауданы:

–  Бұрынғы фермамен салыстырсақ, мұнда барлығы жақсы. Дәл осындай жағдай әр ауылда, әр кәсіпорында жасалуы тиіс. Осыған дейін айына 80 мың теңге алатынмын. Қазіргі жалақым 120 мыңды құрайды.

Өңірімізде ауылдарды дамыту, тұрғындардың әл-ауқатын арттыру жұмыстары алдағы уақытта да жалғасын табады. Кездесу барысында өңір жетекшісі Құмар Ақсақалов тың жаңалықпен бөлісті.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасына сай, өңірді әлеуметтік-экономикалық дамытудың кешенді жоспары 4 жылға ұзартылды. Енді жоспар 21 мен 24-ші жылдардың аралығын құрамақ. Демек, ел қазынасынан аймағымызға қомақты қаржы бағытталады. Ауылдар назардан тыс қалмайды. Елді мекендердің жолы, суы жақсарады, әлеуметтік маңызы бар нысандар қалыпқа келтіріледі.

Сонымен қатар, ауылдарға коммуникация тарту ісі де жалғасады. 2020 жылы Арықбалық селосында мына қазандық пайда болды. Оның қуаттылығы елді мекендегі әр үйге орталықтан жылу жеткізуге жетеді. Бүгінге дейін 4 бірдей қос қабатты ғимарат қосылыпты. Ендігі кезекте – әлеуметтік маңызы бар нысандар.

Култанов Байболат