Аптадағы маңызды жаңалықтар

Биыл Есіл ауданына 49 отбасы қоныс аударған

Жаңа жыл – жаңа үйде. Биыл көңілге қуаныш сыйлайтын мерекені Есіл ауданында 50-ге жуық отбасы алғаш рет қарсы алып отыр. Солтүстікқазақстандық атанған жанұялардың басым бөлігі Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласынан қоныс аударған екен.

Ғажайып кеште Аяз атадан сыйлық алғысы келетін Ибрахим мен Зейнеп тақпақтарын жаттап, тыңғылықты дайындалуда. Қарындасы өлеңнің сөзін ұмытқан кезде ағасы көмектеседі. Ал мына бөлмеде балалардың анасы мерекелік тағамдарды әзірлеп жүр. Оған үйдің үлкен қызы қолғабыс етуде. Берекелі жанұя мейрамды биыл алғаш рет солтүстік өңірде қарсы алмақ.

Назира Азизова – Таранғұл ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Біз осында “Еңбек” бағдарламасы бойынша көшіп келдік. Бәрі жақсы. Балаларым оқып жатыр. Баламның болашағын ойлап, тракторист-машинист мамандығы бойынша жұмыс істеуі үшін келдік. Мал ұстасақ дедік.

Иә, жанұяның солтүстікқазақстандық атанғандарына небәрі 6 ай болыпты. Тараздан көшіп келген жерлестеріміз, қазір Таранғұлда түтін түтетіп отыр. Назира ханым бала күтімімен айналысып, үй шаруасын атқарса, жолдасы ауылдағы кәсіпорындардың бірінде дәнекерлеуші болып жұмыс істейді екен.

Назира Азизова – Таранғұл ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Қалай болады? Бізді қалай қабылдайды деп ойладық. Бәрі ойдағыдай. Қуанып жатыр.

Аз уақыт болғанына қарамай өлкемізге сіңісіп кеткен отбасы мүшелері мал шаруашылығын да қолға алған. Сиыр, қой, құс, тіпті, қоян өсірумен де айналысады.

Давлатбек Утепбергенов – Таранғұл ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Үкімет субсидия мен қайтарымсыз грант берді. Бұл ақшаға сиыр мен қой алдық.

Ал Рысқұловтар Алматы облысы Қаскелең ауданынан қоныс аударған екен. Қазір Ильинкада тұрады.

Жайық Рысқұлов – Ильинка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Біз көшер кезде індет басталып кетті. 22-ші наурыз Нұр-Сұлтан қаласын жаппақшы болды. Сондықтан, біз ерте келуімізге тура келді. Біз керек заттарды алып, көлікпен осында келдік.

Шырайлы өлкеге асыға жеткен жанұя үшін мерекенің маңызы зор. Отанасының ерекше кешке тамақ әзірлеуде өзіндік тәсілі бар көрінеді. Нәзікжанды дастарханға дүкеннен алынған дүниелерді емес, көбіне қолдан әзірлеген тағамдарды қояды екен.

Мәдина Ашыралиева – Ильинка ауылының тұрғыны, Есіл ауданы:

– Бақшаға еккен жемістерден компот жасадым. 01:54 Мәселен, кілегейді де өзім әзірледім. Табиғи өнімге не жетсін?

Тағамдардың дәмін татқан балалар кейін теледидардың жанына жайғасып, сүйікті мультфильмдерін қосты. Ал 11 жастағы Мөлдір бауырларына тосын сый әзірлеп қойыпты. Ол інілері мен сіңлісіне өзі жасаған ойыншықты сыйға тартпақ.

Мөлдір Рысқұл – оқушы:


–  Бұл ойын балалардың миын жақсартады. Мұнда не істеу керектігі толық көрсетілген.

Әпкесі жасаған сыйлыққа бауырларының қуанатындығы сөзсіз. Жаңа жыл әр шаңырақтың ішін осындай қуаныш пен шаттыққа толтырсын.

Маржан Қасымбек