МТРА жаңалықтарыТЖ

СҚО-да биыл телефон алаяқтарына қатысты 426 факті тіркелді

Жыл басынан бері өңірде ұялы телефон алаяқтарына қатысты 400-ден астам факті тіркелді. Пысықайлардың құрығына көбінесе зейнет жасындағы жандар түскен. Арам ойын әлеуметтік желі арқылы жүзеге асырғысы келетіндер де тыйылмай тұр. Олар адамдарды, әсіресе, мереке қарсаңында сан соқтырады екен.

Интернет-алаяқтық туралы бұған дейін сирек естуші едік, соңғы уақытта көбейіп кетті. Бұны полицейлер де растап отыр. Түрлі қитұрқы амал мен сендіретіндей сөз тауып әрекет етеді. Қала тұрғыны Евгения Захаринаға жуырда бейтаныс біреу телефоннан хабарласады. Өзін банк қызметкерімін деп таныстырып, картасының реквизиттерін сұраған. Бірақ, нәзікжанды еңбекақысын қолма-қол алатынын естігенде манағы адам тұтқаны қоя салған.

Евгения Захарина – қала тұрғыны:

 – Мен осындай алаяқтар жайлы бұрын естігенмін, бірақ сенбеп едім. Мүмкін қалжың болар деп ойладым. Көбі әзілдеуді әдетке айналдырған ғой. Алайда, өзім де осыған тап болдым. Жоқ мәліметтерді сұрағаны оғаш көрінді, әрине.

Алаяқтардың ұялы телефон арқылы әрекет етулеріне қатысты облыста жыл басынан бері 400-ден астам факті тіркелген.

Олардың саны интернет кеңістігінде де аз емес. Күнделікті парақтап отыратын әлеуметтік желілерде жалған жарнама таратып, сенгіш жанды қармаққа түсіреді. Тіпті, OLX, Kolesa және Instagram-да да жиі кездеседі. Тәртіп сақшыларының айтуынша интернет-алаяқтарды анықтау қиын. Өйткені, олар ойын біздің өңірде іске асырса да өзі алыста, өзге аймақта отыруы мүмкін. Сол себепті, басты қауіпсіздік шараларының бірі – сақтық таныту және күдік тудыратын сілтемелермен өтпеу.

Виталий Подчернин – СҚО ПД криминалдық полиция басқармасының аға жедел уәкілі:

– Алаяқтар көбіне аға буын өкілдерін алдауға тырысады. Зейнеткерлер кенеттен қоңырау шалып, көмектесем деген адамдарға тез сеніп қалады. Бірақ, мұның арты жақсылыққа апармайды. Мұндай алаяқтардың құрбаны болмас үшін ешқашан жеке мәліметтеріңізді бейтаныс жанға айтпаңыз.

Сондай-ақ, полицейлер WhatsApp-қа жиі жіберілетін түрлі сілтемемен көрсетілген акцияларға қатыспау қажеттігін айтады. Адамды қызықтыра отырып жетелей жөнелетін сілтеме мен шарттардың соңы қақпанға түсіруі мүмкін.

 

 

 

 

 

Маржан Касымбек