МТРА жаңалықтары

Нұротандықтар Тимирязев ауданының тұрғындарымен жүздесуде

Қазақстан халқының 50 пайызы елді мекендерде тұрады. Сондықтан, ауылдағы ағайынның жағдайын жақсарту – нұротандықтардың басым бағыттарының бірі. Көшбасшы партия алдағы 5 жылда селолықтардың тұрмысын көтеру бойынша істелуі тиіс шаруа жоспарын құрып, сайлауалды бағдарламаға енгізіпті. Жобаны облыстық және Тимирязев аудандық мәслихатты депутаттығынан үміткерлер Степное селосының тұрғындарына таныстыруда.

Евгений Никитенко – Тимирязев аудандық мәслихаты депутаттығына «Nur Otan» партиясы атынан үміткер:

– Ауыл тұрғындарын мазалайтын, жақсы өмір іздеп қалаға көшуге мәжбүрлейтін бірқатар проблема бар. Ең негізгілеріне тоқталар болсақ, ол – су. Тіршілік көзі әрбір азаматтың үйінде болуы қажет. Екіншісі – жол. Селоішілік, аудандық және облыстық маңызы бар трассалар күрделі жөндеуді талап етеді. Үшіншісі – жарықтандыру. Кейбір елді мекендердегі көшелерде кешкілік уақытта жүруге болмайды, себебі тастай қараңғы.

Бұл проблемалар жылдан-жылға көтеріліп келеді. Нұротандықтар айта-айта жауыр болған мәселелерді сөз емес, іс жүзінде шешуді көздеп отыр. Ол үшін сайлауалды бағдарламада әрбір қадам жазылған.

Серік Жукеев, облыстық мәслихат депутаттығына «Nur Otan» партиясы атынан үміткер:

– Елді мекен тұрғындарының барлық проблемасын шешуге бағытталған “Ауыл – Ел бесігі” бағдарламасы жұмыс істеуде. Жобаны әрі қарай да дамытып, селолардағы халық проблемасын шешу қажет. Сондай-ақ, көшбасшы партия өзінің жас қанатымен бірге ауылда жаңа жұмыс орындарын ашып, жастарды екі қолға бір күрекпен қамтуды басты назарға алып отыр.

Халықпен жүздесуге келген екі азамат қазір халық қалаулысы ретінде Тимирязев ауданында еңбектенуде. Бүгінде дейін де депутаттардың бастамасымен нұротандықтар біраз шаруаның басын қайырыпты. Мұнымен белсенді жерлестеріміз тоқтап қалмақ емес. Қаңтардың 10-ы ел бойынша Парламент Мәжілісі мен әр түрлі деңгейдегі мәслихаттарға сайлау өтеді. Кандидаттар қажетті дауыс санын жинаса, қойылған мақсаттарды орындауға жаңа күшпен кірісеміз деп отыр.

Эльмира Садвокасова