МТРА жаңалықтары

IV республикалық имамдар форумы өтті

Нұр-Сұлтан қаласында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының 30 жылдық мерейтойына орай имамдардың IV-ші республикалық форумы өтті. “Ислам – мәдениет пен ізгіліктің бастауы” деп аталатын онлайн жиында 3 бірдей маңызды құжат қабылданды.

Қасым-Жомарт Тоқаев – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Діни басқарма егемендіктің алғашқы жылдарынан бастап, қоғамдағы тұрақтылық пен тыныштықты сақтауға ат салысып келеді. Сондай-ақ, еліміздегі дәстүрлі исламды дамытуға зор үлес қосуда. Биылғы пандемия кезінде Діни басқарма көптеген қайырымдылық шарасына ұйытқы болды. Жұртшылықты татулық пен сыйластыққа шақыру аса маңызды. Бұл міндетті біздің дін басшыларымыз абыроймен атқарып келеді.

Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен республикалық форумда 3 бағытқа негізделген құжаттар қабылданды. Солардың бірі “Ас беру мәдениеті” деп аталады. Өзімізге жақсы мәлім, біздің дәстүрімізде дүниеден өткен адамның рухына құран бағышталып, ас беріледі. Кей кезде асымыз ас та төк болып кететіні де жасырын емес. “Қызылжар” қалалық мешітінің бас имамы Қасымхан қажы Исаев бұл ретте ысырапшылдыққа жол бермеу қажет дейді. Себебі, шариғатта ысырапшылдыққа тыйым салынған.

Қасымхан қажы Исаев – “Қызылжар” қалалық мешітінің бас имамы:

– Мұсылманның амалынан ниеті жақсы деген. Барлық нәрсе Алланың ризалығы үшін жасалады. Сондықтан, әркім өз шамасына қарап өткізуі керек. Шариғатымызда бұл амалды қарыз алып, өткізу құпталмаған.

Жиын барысында қабылданған келесі құжат – “Зират және зиярат мәдениеті”. Бұл мәселе де қоғамның қызу талқысында. Қазір кейбірі марқұм туған-туысы жатқан жерге үлкен мазар тұрғызып, тасқа суретін бейнелеп жатады. Қасымхан қажының сөзінше, шариғатта бұған да рұқсат етілмейді.

Қасымхан қажы Исаев – “Қызылжар” қалалық мешітінің бас имамы:

– Жалпы, зират қоршаулы болуы керек. Ал қоршалған зиратқа ішіне тағы бір қоршау орнату шарт емес. Бұл жерде айтылатын мәселе – қайтқан адамға қойылатын таста ол кісінің аты-жөні, туған жылы, қайтқан жылы жазылуы керек. Құран аяттары мен суреттерді қоюға болмайды.

Үшінші құжат “Зияткер имам” деп аталады. Онда Алла жолындағы адамдардың діни іс-амалдардан бөлек, заңды да қатар білу қажеттігі жазылған. 3 құжат қабылданғанымен әлі жұртшылық аясына таралған жоқ. Сондықтан, дін өкілдері алдағы уақытта халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізбекші. 

Казиканова Алтынай