МТРА жаңалықтары

Халық қалаулыларына дауыс беру қаңтардың 10-ы өтеді

Үгіт-насихат жұмыстары, пікірсайыстар мен дауыс беру! Нұротандықтар арасында өткен праймериз жақында аяқталды. Екінші кезеңге халықтың қалаулысы атануға ниет білдірген 632 үміткердің 366-ы ғана өтті. Бүгінде бұл жандар тұрғындармен жүздесіп, сайлауалды бағдарламаларын таныстырып жүр. «Nur Otan» партиясы атынан қатысып жатқан жандардың жоспары негізінен 7 бағытқа негізделген. Ал әр бағыт солтүстікқазақстандықтардың әлеуметтік жағдайын жақсартуға, өңірдің дамуына серпін беруді көздейді.

Сергей Могунов – саясаттанушы:

– Сайлауға қатысушы жандардың басты міндеті – жоспарды дұрыс құра білу. Яғни, олар тұрғындардың өмірін жақсарту үшін жан-жақты ізденіп, алдарына мақсат қоюлары тиіс. Ал ең бастысы, әр қатысушы бағы жанып, депутат болып жатса, бүгін берген уәдесін ертең орындауды естен шығармауы керек. Азаматтар тарапынан түскен өтінімдерге бейжай қарамай, мәселенің шешімін табуда қолғабыс етуі міндетті.

Қазір нұротандықтардың қатысуымен сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары жер-жерде ұйымдастырылып жатыр. Саясаттанушы Сергей Могуновтың сөзінше, дәл осы кезеңде ең мықты деген үміткерлер көзге түседі. Ал жеңімпаздарды анықтайтын – тұрғындар.

Сергей Могунов – саясаттанушы:

– Кей адамдар дауыс беру ештеңе шешпейді деп ойлайды. Бірақ, бұл олай емес. Облысымыздың жағдайы 5 жылда қандай болатыны халық даусына тікелей байланысты. Сондықтан, әр солтүстікқазақстандықты маңызды шараның куәсі мен қатысушысы болуға шақырамын.

Естеріңізге сала кетейік, Мәжіліс пен мәслихаттарда халық қалаулысы болуға ниет білдірген жандарға дауыс беру қаңтардың 10-ы күні ұйымдастырылмақ.

 

 

 

 

 

 

Маржан Касымбек