Өткен жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаев жастарды қолдау мақсатында “Ел үміті” атты бастама ұсынған болатын. Оның аясында түрлі жобаларды жүзеге асыру көзделген. Соның бірі – “Елбасы медалі”. Бұндағы басты мақсат – қазақстандық жастардың бойындағы қабілеттерін арттыру. Жоба 14 пен 29 жас аралығындағы жандарға арналған.
Ерлан Хайрлин – “Елбасы медалі” жобасының жергілікті үйлестірушісі:
– “Елбасы медалі” жобасына қатысқандар жоғары оқу орнына түскен кезде үлкен басымдылыққа ие бола алады. Мысалы, ҰБТ-дан 2 оқушының балдары бірдей болып тұрса, аталған жобаға қытысқан, медалі бар жан шәкіртақыға бірінші ие болады.
“Елбасы медалі” жобасы жоба 3 кезеңнен тұрады. 1-ші кезеңде алтын медаль алуға ниетті жандар бақ сынайды. Талап бойынша үміткерлер 1,5 жыл тынымсыз еңбек етіп, биік белестерді бағындыруы қажет. Қазір жоғары дәрежедегі марапатқа қол жеткізу үшін 3 солтүстікқазақстандық бақ сынап жатыр. Келесі – күміс және қола медальдар. Соңғысын иеленуге 370-тен астам адам өтініш берген. Олардың
260-сының бағы жанды.
Құмар Ақсақалов – СҚО әкімі:
– Бұл жобаның аясыда Елбасы жастарға үлкен үміт артып отыр. Сондықтан осы үмітті ақтауға тырысыңдар. Білімді, 3 тілді меңгерген азамтардың қатары тола берсін.
Тамаша Бахытжанова – Возвышенка орта мектебінің 11-сынып оқушысы. Ол “Алтын белгі”-ге үміткер. Жарты жыл бұрын жасөспірім “Елбасы медалі” жобасына қатысуды жөн көріп, жолы болды. 6 ай бойы берілген тапсырмаларды мүдірмей орындап, қола медальды қанжығалады.
Тамаша Бахытжанова – Возвышенка орта мектебінің оқушысы, М.Жұмабаев ауданы:
– Қола медаль алу үшін жобаға 6 ай қатыстық. Алғашқы 3 айда спорт, ұлттық мұра деген бағыттарда жұмыс жасадық. Келесі 3 айда дарын мен дағды, кітап оқу бағыттары бойынша тапсырмаларды орындадық. Мен қойылған барлық талаптарды орындап шықтым.
Айта кетейік, “Елбасы медалі” жобасы келесі жылы да жалғасын таппақ.
****************
Тәуелсіздік күні қарсаңында Қызылжар ауданының орталығы Бескөл ауылында 5 қабатты тұрғын үй қолданысқа тапсырылды. Құрылысы өткен жылдың жазында басталған баспананы салуға республикалық және облыстық бюджеттен 500 млн теңге бөлініпті. Көптен күткен пәтерлеріне қол жеткізген жандарды аймақ басшысы Құмар Ақсақалов құттықтады.
Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Көптен бері кезекте тұрған азаматтар өз пәтерлеріне ие болайын деп тұр. Бұл – әрбір отбасы үшін үлкен қуаныш. Жалпы 5 аудан орталығында осындай құрылыс жүргізіліп жатыр. Биыл 7 үй тапсырылады.
Мереке қарсаңында қоныс тойын тойлаған жандардың бірі – Бағжан Құрбанбекова. 6 баланың анасы 12 жыл пәтер жалдап тұрған екен. Жерлесіміз 12 жыл бұрын көпбалалы ана ретінде кезекке тұрғанын айтады. Бүгін арманы орындалып отыр. Ол 2 бөлмелі пәтердің кілтіне ие болды.
Бағжан Құрбанбекова – Қызылжар ауданы:
– Пәтер алғаныма қуаныштымын. Әкімге көпбалалы аналарды қолдап баспана тұрғызып бергені үшін алғысымды айтамын.
Баспанаға су, жылу мен интернет желісі тартылған. Маңында абаттандыру жұмыстары жүргізіліп, балалар мен футбол алаңқайы салыныпты. Жалпы жаңа қонысқа 8 отбасы көшті. Қалған пәтерлер алдағы уақыта бірнеше категория бойынша кезекте тұрған жандарға табысталатын болады. Олар: көпбалалы аналар, Ұлы Отан соғысының ардагерлері, жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалғандар мен әлеуметтік аз қамтылған жандар. Айта кетейік, дәл осы үйдің жанынан келесі жылы тағы бір баспананың құрылысы басталады. Ол 50 пәтерлі болады.
****************
Бір кездері қала сыртындағы мына ғимаратта құбыр шығарылған екен. Алайда, біраз жыл өткесін өндіріс тоқтап, зауыт қараусыз қалған. Былтыр нысанның тамырына қайтадан қан жүгірді. Түрік инвесторлары мұнда күрделі жөндеу жүргізді. Және заманауи қондырғылармен жабдықтады. Енді бұл жерде ламинатталған фанер шығарылатын болады.
Огузхан Челик – “Солтүстік фанер комбинаты” ЖШС директоры:
– Соңғы үлгідегі заманауи қондырғыларды шет елдерден тапсырыс беріп алғыздық. Станоктардың басым бөлігі Түркия, Германия мен Қиыр Шығыстан жеткізілді. Бүгінде барлық аппаратты орындарына қойып, тексерістен өткіздік. Сондай-ақ, өндірістің үздіксіз жүруі үшін жылу қазандығын да орнаттық. Жалпы, іске қосуға дайынбыз.
Түркиялық инвестор теріскей өңірін бекерден-бекер таңдамаған. Айтуынша, аққайыңдар өлкесінде қайың ағашы өте сапалы. Бұл – фанер жасау үшін таптырмайтын шикізат.
Огузхан Челик – “Солтүстік фанер комбинаты” ЖШС директоры:
– Түркияда қайың өспейді. Ал солтүстікте бұл ағаш түрі жетерлік. Оны отын ретінде ғана қолданбай, дайын тауар шығару ісінде де пайдалану қажет. Оған қоса, қайың құрылыс материалы ретінде өте құнды саналады. Жергілікті әкімдік біздің тың жобамызды қолдап отыр.
“Солтүстік фанер комбинаты” жылына 18 мың текше метр дайын өнім шығармақ. Ал болашақта қуаттылық көрсеткішін 27 мыңға дейін арттыру көзделіп отыр. Ол үшін кәсіпорынға жылына 36 мың текше метр қайың қажет болмақ.
Біздің елімізде ламинатталған фанер шығарумен әзірге бір ғана зауыт айналысады екен. Ол Қазақстандағы сұраныстың тек 10 пайызын жабады. Құрылыс компанияларының басым бөлігі материалды шет елдерден әкеледі. Ал Солтүстік фанер комбинаты іске қосылғаннан кейін кәсіпорын елдегі сұраныстың 30-40 пайызын қамтымақ. Сондай-ақ, кәсіпорын дайын өнімді Өзбекстан, Қырғызстан мен Еуропа елдеріне шағаруды жоспарлап отыр. Айта кетейік, өндіріс орны келесі аптада толық қуатта іске қосылмақ. Нәтижесінде 150 солтүстікқазақстандық тұрақты жұмысқа орналасады.
*******************
Бұл – немістік “CLAAS” компаниясына тиесілі комбайн құрастыратын болашақ зауыттың қазіргі көрінісі. Мұндағы құрылыс жұмыстары тамыз айында басталған болатын. Алдымен 35 жыл бойы қолданыста болмаған ғимарат сараптамадан өткізілді, кейін барып қалыпқа келтіру ісі қолға алынды. Бүгінде шаруа тәмамдалуға жақын. Жаздан бері шатыр ауыстырылды, бағаналары бекітілді. Жақында қабырғалар жаңадан көтеріліп, терезелер орнатылды. Қазір зауыт ішінде ішкі әрлеу жұмыстары жүріп жатыр. Оған жергілікті құрылыс компаниясы жауапты.
Мұрат Харсиев – “Құрылыс Сервис СК” ЖШС құрылтайшысы:
– Ғимараттың құрылыс аумағы 5 мың 800 шаршы метрді құрайды. Нысанға барлық коммуникациялар тартылған. Алдағы уақытта орталық су мен жылу желісі өткізілетін болады. Қазір мұнда 40-қа жуық адам еңбек етуде. Шаруа 75%-ға тындырылды.
Зауыт германиялық стандартқа сай салынып жатыр. Құрылыстың әрбір кезеңін немістік мамандар қатаң бақылауда. Құрылыс аяқталғаннан кейін шетелдіктер заманауи өндіріс ошағына қажетті қондырғыларды әкелмек. Жалпы, ірі зауытты іске қосу үшін ел қазынасынан 3 млрд теңге бағытталған екен.
Мұрат Харсиев – “Құрылыс Сервис СК” ЖШС құрылтайшысы:
– Бұған дейін пандемияға байланысты кей кезде құрылысқа қажетті материалдар сәл кеш жеткізіліп тұрды. Дегенмен, шаруа кестеге сай жүріп жатыр. Зауыт жылына 300-ге тарта техника шығаруды жоспарлап отыр. Мұнда 100-ге жуық адам жұмыспен қамтылмақ. Одан бөлек жергілікті әкімдік нысанға қарай 1 шақырымнан астам темір жол тартуды көздеп отыр.
Жалпы, өндіріс ошағының құрылысы 2021 жылдың мамырында аяқталуы тиіс. Келесі орақ науқанында өңір диқандары СҚ-да құрастырылған комбайндарды тізгіндемек.
*************************
“Cool Infinity” серіктестігі – Қазақстандағы вагон жасайтын үш компанияның бірі. Кәсіпорын осыдан 2 жыл бұрын пайда болды. Алғашқы кезеңде қаламыздағы “Петропавл ауыр машина жасау” зауытымен бірлесіп жұмыс істеді. Ал үстіміздегі жылы жеке өндірісті қолға алды. Қазіргі таңда өндіріс ошағының мамандары изотермиялық термос-вагондар әзірлейді. Мұндай жаңашылдықтың өзіндік ерекшелігі бар. Олармен тез бүлінетін азық-түлік пен тауарларды алыс қашықтыққа тасымалдауға болады. Серіктестік өкілдерінің сөзінше, вагон ішіндегі дүние 10 күнге дейін сапасын жоғалтпайды. Сондықтан, оған сұраныс жоғары. Бүгінде жергілікті өнім ТМД елдеріне экспортталып жатыр екен.
Ахан Кәрімов – “Cool Infinity” ЖШС бас директорының бірінші орынбасары:
– Ағымдағы жылдың тамыз айында біз термос-вагондарды жасау құқығын иеленіп, тиісті сертификат алдық. Жыл соңына дейін өндіріс көлемі 2 млрд теңгені құрамақ. Ал келесі жылы бұл сома 6-7 млрд теңге шамасында болмақ. 2021-де ауқымды жаңғырту жұмыстарын жүргізуді жоспарлап отырмыз. Қазір қаржы мәселесі шешіліп жатыр. Іске 13 млрд теңге бағытталуы тиіс. Жоспардағы шаруа тындырылса, жылына 1200-1400 вагон жасайтын боламыз. Екі қолға бір күрекпен қамтылған мамандардың саны да 500-ге артпақ.
“ЗИКСТО” зауыты бір жарым жыл тұралап тұрды. Ал бүгінде кәсіпорынның тамырына қайтадан қан жүгіріп, шаруа қыза түскен. Қазіргі таңда мұнда екі цех жұмыс істеп тұр. Біреуінде вагон платформасы жиналса, екіншісінде вагон дөңгелектері жөнделеді.
Екінші цехта мамандар айына вагон дөңгелектерінің 600-ден астам жұбын әзірлейді екен. Бүгінде бұл жерде 40 адам тер төгіп жатыр. Олар екі ауысым бойынша еңбек етеді. Алдағы уақытта кәсіпорын қызметкерлердің санын арттыруды жоспарлап отыр. Себебі, келер жылы “ЗИКСТО” зауыты теңіз контейнерлерін тасымалдау үшін 80 футтық платформа шығаруды қолға алмақ.
Евгений Щенников – «ЗИКСТО» АҚ учаске бастығы:
– Жуырда бір ірі кәсіпорынмен келісім-шарт жасастық. Осы келісім аясында серіктестерімізге теңіз контейнерлерін тасымалдау үшін 2 мың 80 футтық платформа құрастыратын боламыз. Іске келесі жылы кіріспекпіз. Жаңа өндірістің арқасында жаңа жұмы орындары құрылады. Зауытқа білікті мамандарды шақырамыз.
Осы орайда айта кетейік, зауытқа негізінен дәнекерлеушілер мен темір ұсталары қажет. Олардың орташа жалақысы 130-140 мың теңгені құрайды.
********************
Бұл цех елдегі қиыншылықтарға қарамастан үстіміздегі жылдың сәуір айында ашылды. Бүгінде өндіріс ошағында жұмыс қызу жүріп жатыр. Мұнда көпшілікке танылып үлгерген Вig bag қаптары шығарылады. Нақтырақ айтатын болсақ, сусымалы өнімдерді салуға арналған полипропилен қаптары жасалады. Аталған тауар түрі негізінен құрылыс, ауыл шаруашылығы салаларында кеңінен қолданылады. Жұмсақ контейнерлер тауар түрін сақтап қанай қоймай, тасымалдауға да болады. Оның сыйымдылығы 2 тоннаны құрайды.
Жұмыс барысы толығымен автоматтандырылған. Қаз-қатар тізілген заманауи қондырғылар шаруаны оңай атқарады. Оларды іске қосып, бақылап тұрса болғаны. Цехтың ашылуына орай 180-ге жуық солтүстікқазақстандық екі қолға бір күрек тапты. Араларында тігіншілердің қатары басым.
Геннадий Шавшин – «SMBGROUP Family» ЖШС тігіншісі:
– Мен бұл цехта 2 ай еңбек етемін. Жұмыс барысында ешқандай қиындық туындаған жоқ. Құрылғылар істі жеңілдетеді. Менің міндетім – үзіліп қалған, таусылған жіптерді ауыстыру. Әр станокта 1200 жіп тізбегі бар. Солардан қап жасалады.
Жаңа қондырғылардың арқасында цех бір айда Вig bag қаптарынның 100 мың данасын шығарады. Яғни, бұл – өңірде жылына 1 млн 200 мың жұмсақ контейнер өндіріледі деген сөз. Шикізат ресейлік. Компания өндіріске қажет дүниелерді көрші елден әкеледі екен. Алдағы уақытта өзімізде шығару жоспарланып отыр. Ол үшін заманауи құрылғыларға тапсырыс беріліпті. Кәсіпорын бұнымен тоқтап қалмақ емес. Жуырда цехта Sling bag қаптары да шығарыла бастады.
Димаш Коржов – «SMBGROUP Family» ЖШС коммерциялық директоры:
– Қазақстан нарығында жоғары сұранысқа ие болғандықтан жуырда Sling bag қаптарын шығара бастадық. Ол 4 тоннадан аса өнімді сыйдыра алады. Біздің елімізде бұндай тауардың баламасы жоқ. Қапты ауыл шаруашылығынан бөлек, тау-кен өндірісінде де қолдануға болады. Сол себепті, оны отандық комбинаттарға саудалап жатырмыз. Сондай-ақ, Ресейде де серіктестеріміз бар. Жақын арада көрші елдегі ірі компаниялардың бірімен келісім шарт жасасамыз.
Айта кетейік, «SMBGROUP Family» серіктестігі алдағы жылдың бірінші тоқсанында үлкен цех салуды жоспарлап отыр. Онда крафт-қаптар шығарылатын болады.
************************
Бұл – өңірдегі жалғыз көтерме-тарату орталығы. Ол қаламызда осыдан 3 жыл бұрын пайда болды. Мұндағы көкөніс қоймасы аймақта азық-түлік тапшылығын болдырмауға әрі бағаны жылдың кез келген мезгілінде тұрақты етуге септеседі. Шілде айында жалпы аумағы 7 мың шаршы метрді құрайтын тағы бір қойма салынды. Бұл жерде тұтынатын өнімдерден бөлек, шаруашылық тауарлары да сақталады. Айта кету қажет, нысанда жергілікті аграрийлер мен кәсіпкерлер өздеріне тиесілі дүниелерді артық шығынсыз сақтай алады.
Владимир Михаленко – “Радуга” ЖШС қоймалық логистика директорының орынбасары:
– Көкөніс қоймасынының жылдық тауар айналымы 150 млн теңгені құрайды. Ал жақында пайда болған Б+ категориялы қойманың жылдық тауар айналымы 3 млрд теңгенің шамасында. Нысанда бір уақытта 10 мың тонна өнімді сақтауға болады. Біздің мақсатымыз – азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, қажетті дүниелердің құнын 20%-ға дейін төмендету.
Жалпы, бүгінде орталықта 70-ке жуық адам еңбек етеді.
Владимир Михаленко – “Радуга” ЖШС қоймалық логистика директорының орынбасары:
– Кәсіпорын “М-пластика”, “YORK”, “Сладкая сказка” сынды қазақстандық және шетелдік брендтермен жұмыс істейді. Одан бөлек, өзіміз де түрлі өнім шығарамыз. Яғни, импортты алмастыру бағытында тер төгіп жатырмыз. Біздің тауарлар қолжетімді бағамен сатылады деп сеніммен айта аламын.
Кәсіпорын мұнымен тоқтап қалмақ емес. Келесі жылы орталық маңында көкөніс өсіретін жылыжай салу жоспарланып отыр. Бұған 3,5 млрд теңге көлемінде инвестиция құйылмақ.