Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында Аққайың ауданына қарасты Ленинское селосында сүт-тауарлы ферма ашылды. 2100 басқа шақталған кешен заманауи қондырғылармен жабдықталған. Су жаңа кәсіпорын ауданға жұмыс сапарымен барған облыс әкімі Құмар Ақсақаловқа таныстырылды.
Мына симментал тұқымды құнажындар солтүстіктің саршұнақ аязынан, ақ түтек боранынан сескенбейді. Себебі, «Иван Зенченко» серіктестігінің жаңа фермасында олар үшін бар жағдай жасалған. Кешен Аққайың ауданындағы Ленинское селосы маңында бой көтерді. Қазіргі таңда мұнда 450 бас ірі қара бар. Алдағы 2 жылда көрсеткіш 1400-ге дейін артпақ. Кәсіпорынға ең соңғы үлгідегі қондырғылар орнатылған. Сондықтан, сиырлар ақты көп береді. Мысалы, 1 төрт аяқтыдан күніне орта есеппен 30 литр сүт сауылады екен.
Сергей Лысенко – «Иван Зенченко» ЖШС мал шаруашылығы кешенінің меңгерушісі:
– Симментал тұқымды тұяқтыларды жазда Германиядан әкелдік. 2 айдан бері осы жерде тұр. Жануарлар төлдеді. Қазір сауып жатырмыз. Кешендегі қондырғылар автоматты түрде басқарылады. Оларды да Германиядан алдық. Төрт аяқтыларды күніне 3 рет азықтандырамыз. Жем-шөптің сапасын жоғары бағалаймын.
2100 басқа шақталған сүт-тауарлық кешеннің құрылысы мамыр айында басталып, желтоқсанда аяқталып отыр. Жобаның жалпы құны 1 млрд 200 млн теңгені құрайды. Бүгінде мұнда серіктестіктің 22 адамы еңбек етуде. Ал кәсіпорын толық қуатта жұмыс істеуге көшкен кезде екі қолға бір күрекпен қамтылғандардың саны 40-ты құрамақ.
Геннадий Зенченко – «Иван Зенченко» ЖШС директоры:
– Бұл – осымен 7-ші кешеніміз. Жылдан-жылға өндірісті арттырып жатырмыз. Жүктеме де артып келеді. Айта кету қажет, біз ауқымды мега-ферма тұрғызбаймыз. Шағын өндіріс ошақтарын ашып, халықты жұмыспен қамтимыз. Қазіргі таңда дәл осындай кешендерімізде 25-30 адамман жұмыс істейді. Олардың барлығы – ауыл тұрғындары. Мамандардың айлық табысы 160-170 мыңды құрайды. Жалақыны арттыру – негізгі міндеттеріміздің бірі.
Шөбі шүйгін, астығы мол солтүстікте сүт өндіріс өркендетуге болады. Бұл бағытта ауқымды шаруа атқарылды, әлі де атқарылып жатыр. Мәселен, соңғы 2 жылда облысымызда 7 бірдей кешен іске қосылды, ал биыл 11 ферманың құрылысы басталды. Бұл ретте мемлекет тарапынан зор қолдау танытылды. 2020-ның өзінде іскер жандарға заманауи өндіріс орындарын салу үшін 3 млрд теңге субсидия берілді.
Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Біздің жеріміз өте құнарлы деп жиі айтамыз. Шынымен де біздің жеріміз – еліміздегі ең бай жер. Сондықтан, ол қазіргіден әлдеқайда көп өнім беруі тиіс. Тауар көлемін одан әрі арттыру үшін келесі жылы 10 ферманың құрылысын бастаймыз. Сонда 21 кешен іске қосылады. Бұл жыл сайын 54 мың тонна сүт өндіруге мүмкіндік береді. Оның үстіне 500 жаңа жұмыс орны пайда болады. Жалпы, 1 жылда облысымызда 15-20 ферма ашылуы тиіс.
Өндіріспен қатар, өлкемізде сүт өңдеу ісін де дамыту қажет. Ал бұл бағытта Ленинское селосында орналасқан “Ростан” серіктестігі сәтті жұмыс істеп жатыр. Биыл кәсіпорында су жаңа цех пайда болды. Ол айран, йогурт пен ірімшік өндірісін арттыруға мүмкіндік берді. Нақтырақ айтсақ, шығарылатын жалпы өнім көлемін 20% ұлғайтты.
Евгений Горлов – «Ростан» ЖШС бас инженері:
– Ресей елінде жасалған қондырғылар бізге қыркүйек айында жеткізілді. Олар іске қосылуға әзір деп айта аламын. Қазіргі таңда соңғы дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр. Өнім өндіру бойынша технологиялар әзірленді. Зауыт жұмысын толық қуатқа көшіруді жоспарлап отырмыз. Бұл – жалпы өндіріске тәулігіне 5 тонна өнім қосамыз деген сөз.
Зауытты жаңғырту жұмыстарына 160 млн теңге жұмсалған екен. Облыс көлеміндегі статистиканы тілге тиек етейік. Жыл басынан бері сүт өнімдерін қайта өңдейтін 14 кәсіпорында 160 мың тоннадан астам өнім әзірленіпті.
Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:
– Соңғы 2 жыл ішінде өңірдегі 5 бірдей кәсіпорын жаңғыртудан өтті. Солардың бірі – сіздердің кәсіпорындарыңыз. Өндіріс ошақтарын жаңғыртуға 86 млрд теңге инвестиция құйылады. Нәтижесінде қайта өңделген сүттің көлемі 450 мың тоннаға дейін артады. Бұл қазіргі көрсеткіштен 1,5 есеге көп.
Әңгіме барысында Құмар Ақсақалов ірімшік өндірісіне көңіл бөлу қажеттігін айтты. Бүгінде өлкемізде жылына 600 тонна ірімшік шығарылады екен. Ал аймақтағы сұраныс 1700 тоннаны құрайды. Бұл сұраныс “Сүт одағы” серіктестігінде жүргізілетін жаңғырту жұмыстарынан кейін жабылмақ. Болашақта кәсіпорын ірімшік пен ірімшік өнімдерін өндіру көрсеткішін 2500 тоннаға дейін арттыруды жоспарлап отыр.
Култанов Байболат