“Тұғыры биік тұлғалар”. Өңірде осындай атаумен Абай Құнанбайұлы мен Сәбит Мұқановтың мерейтойына арналып республикалық ақындар айтысы өтті. Додаға еліміздің түкпір-түкпірінен 12 өнер иесі қатысты. Қызылжар өлкесінің намысын 3 жерлесіміз қорғады.
Айтыс – халық қазынасы. Атадан балаға мирас болып қалған мәдени мұрамызды дәріптеу мақсатында ұйымдастырылған сөз сайысының шымылдығын семейлік Рүстем Қайыртай мен павлодардық Аспанбек Шұғатаев ашты. Екеуі де азулы ақындар. Бір-бірлеріне ойларын бірден жайып салмай, аңдысып айтысты. Өнерсүйер қауымға жақсы мәлім, Рүстем Қайыртай – “Алтын домбыра – 2019” додасының жеңімпазы. Ерекше дарын иесі бұл жолғы аламанда да озып алға шықсам дейді. Қызылжарға келердің алдында өңірімізді біраз зерттепті.
Рүстем Қайыртай – айтыскер ақын:
– Тойды бірінші болып бастаған соң кемшіліктерді айтпадым. Тойды әдемі бастау керек қой. Мен Қызылжардың жақсы жақтарын жырладым. Астықты өлке екен. Қазанымызға ас салған, бала кезден осы өлкенің нанын жегенімізді айттым.
Одан соң сахна төріне Қызылжардың туын ұстап солтүстікқазақстандық Жарқын Жұпархан мен Алматы қаласынан келген Шұғайып Сезімхан шықты. Ұлы сөзді орынды қолдана білетін ақындардың сайысқа мықтап дайындалғандары арындарынан-ақ көрініп тұр. Қарсыластар Абай Құнанбайұлы пен Сәбит Мұқановтың өнегелі өмірі мен шығармашылығынан мол сыр шертті. Олардың туындыларына, шығармаларының тәрбиелік мәніне терең бойлады. Және біртуар тұлғалардың еңбектері, сөздері бүгінгі күні маңызға ие екендігін тілге тиек етті. Арасында бір-бірімен әзілдесіп те алды.
Жарқын Жұпархан – айтыскер ақын:
– Бұл айтыс – Абай мен Сәбит жылының қорытындысы. Сайыста қатысушылар еліміз, Тәуелсіздігіміз жайлы жырлап жатыр. Шұғайып Сезімхан маған жиен болады. Айтысымыз сәтті шықты деп ойлаймын.
Жалпы, “Тұғыры биік тұлғалар” атты республикалық өнер додасына еліміздің түкпір-түкпірінен 12 айтыскер келді. Қатысушылардың екеуі – нәзікжанды. Алтынгүл Қасымбекованың домбыраны қолына алып, айтыста өнер көрсетіп жүргенін 30 жылдан астам уақыт өтіпті.
Алтынгүл Қасымбекова – айтыскер ақын:
– Бізден кейін шығып жатқан арулар бар. Аллаға шүкір, қазір өсіп жатыр. Біз кешегі Сара мен Ұлбикелердің, Нұрилалардың жалғасымыз. Бір толқынды, бір толқын қуып жатыр.
Өңірімізде осымен 3-ші рет ұйымдастырылып отырған республикалық додаға танымал жандар қазылық етті. Арасында театр және кино актері Асанәлі Әшімов пен Қазақстан мен Қырғызстанның халық әртісі Алтынбек Қоразбаев та бар. Ал жүргізуші – өңір-өңірде айтыстың шырағын жағып жүрген Жүрсін Ерман.
Жүрсін Ерман – Айтыс ақындары мен жыршы-термешілердің халықаралық одағының төрағасы:
– Мұнда осымен 3-ші келіп отырмын. Соңғы кезде жаңа бетбұрыс басталды. Қаулап жастар шығып келеді. Айтыс деген үлкен дария болса, тұс-тұстан бұлақтар қосылуда. Әшімов бастаған беделді қазылар келіп жатыр.
Аламан айтыс шамамен 6 сағатқа созылды. Нәтижесінде бас жүлдені – Рүстем Қайыртай, ал 1-ші орынды Жарқын Жұпархан қанжығалады. Екінші мен үшінші орынды елордалық Әсем Ережеқызы, атыраулық Шалқарбай Ізбасаров пен қарағандылық Дидар Қамиев иеленді.
Маржан Касымбек