Білім беру жүйесіндегі өзгерістер! “Өрлеу” біліктілікті арттыру ұлттық орталығының жергілікті филиалында дөңгелек үстел отырысы өтті. Онлайн форматта ұйымдастырылған жиында критериалдық бағалаудың тиімділігі сөз болып, осы білім беру жылындағы жаңашылдықтар қаузалды.
Елімізде қауіпті вирус тарағаннан бері мектептер оқытудың жаңа жүйесіне көшті. Бүгінде бірқатар ұл-қыздар қашықтықтан, кейбірі штаттық режимде оқып жатыр. Әрине, айырмашылық жер мен көктей. Шәкірт күнделікті оқу ордасына келіп білім алса, сабақты да соғұрлым жақсы түсінетіні анық. Мұндай жағдайда не істеу қажет? Отандық педагогтар мынандай әдісті қолдануда.
Гүлмайда Мүсетаева – “Өрлеу” БАҰО” АҚ филиалы СҚО бойынша ПҚ БАИ аға оқытушысы:
– Қашықтықтан оқу болғаннан кейін балаларға көмек керек. Оқушыларға мұғалімнің қолдауы мен көмегі жетіспейді. Бірақ, қосымша бейне жазба жіберу арқылы балаларды мұғалімдер жан-жақты қолдайды.
Соңғы рет мұндай ауқымды өзгерістер еліміздің оқыту жүйесінде 2016 жылы орын алған болатын. Нақтырақ тоқталайық, бүгінде ұл-қыздар білім алып қана қоймай, өзін-өзі бағалай алады, жаңа технологияларды қолданады. Заманауи құрылғылар ұл-қыздардың білімі мен біліктілігін артыруға септеседі. Жергілікті мұғалімдердің қатысуымен өткен онлайн шарада осы тақырып аясынды сөз қозғалды.
Айнагүл Сәрсембаева – Қожаберген жырау атындағы №6 орта мектебінің мұғалімі:
– Критерийлер арқылы оқушылар өзін-өзі бағалайды, критерийлер алдын ала құрастырылып, оқушыларға ұсынылады. Сол арқылы оқушы өзінің қандай деңгейде екенін бақылай алады. Және қандай тақырып бойынша жұмыс істейін деп жатқанын алдын ала біліп отырады.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы сыныптан-сыныпқа көшу кезіндегі емтихандар жойылды. Бұған карантин себеп. Биыл тоқсандық және жылдық баға есепке алынып, жалпы ұпай шығарылады.
Алдияр Айтпаев