Денсаулық сақтау

Петропавлда заманауи көпбейінді аурухананың іргетасы қалануда

500-ден астам орын болады, соңғы үлгідегі қондырғылармен жабдықталады. Былтыр Петропавлдың “Шығыс” ықшам ауданында заманауи медициналық емдеу мекемесінің құрылысы басталған болатын. Түркиялық “YDA Holding” компаниясы қазір нысанның іргетасын қалап жатыр.

Облыстық көпбейінді аурухананың құрылысы өткен жылдың қараша айында басталды. Алдымен мамандар жер қазу жұмыстарына кірісті. Мұндай шаруа жалпы 60 мың шаршы метр аумақта атқарылмақ. Бүгінде істің біраз бөлігі тындырылған. Қазық та қағылуда. Осы күнге дейін 6 мың қазық орнатылған екен. Нәтижесінде ғимараттың іргетасы біртіндеп қалануда. Барлығы түркиялық әдіс бойынша жасалып жатыр. Құрылыстың әрбір кезеңін Қара теңіз жағасындағы елдің өкілдері қадағалауда. Айта кетейік, бұл – өңірдегі ең ауқымды жоба. Заманауи аурухананың бой көтеруіне 115 млрд теңге инвестиция құйылған.

Асхат Молжігітов – облыстық көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

– Аурухана 480 адамға шақталған. Одан бөлек, күндізгі стационарда 40 орын болмақ. 7 қабатты нысан онкологиялық, кардиологиялық, перинаталдық және көпбейінді орталықтардан тұратын болады. Сонымен қатар, ғимарат заманауи технологиялармен жабдықталады.

Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында салынып жатқан аурухана 3 корпустан тұрады. Олар: хирургиялық, терапевтік және консультативтік-диагностикалық. Болашақ емдеу мекемесі тұрғындарға сапалы қызмет көрсетіп қана қоймай, өңірдегі медициналық туризмнің дамуына септеспек. “Ол үшін алдымен жергілікті кадрлардың біліктілігін арттырып, шетелдік мамандарды тарту қажет”,- дейді Асхат Молжігітов. Себебі, дәрігерлер заманауи емдеу тәсілдерін, оның ішінде жаңа қондырғылардың қыр-сырын жіті меңгеруі тиіс.

Асхат Молжігітов – облыстық көпбейінді ауруханасы бас дәрігерінің міндетін атқарушы:

– Біз қазір жергілікті дәрігерлерді оқыту бойынша жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Алдағы уақытта облыс есебінен 200-ге жуық маман Түркияның үздік клиникаларына жіберіледі. Сол жақта 1 айдан жарты жылға дейін болып, біліктіліктерін арттырады. Оқу мерзімі мамандардың медицинаның қай бағытында білім алатындықтарына байланысты белгіленбек.

Жалпы, жоспар бойынша Петропавлдағы заманауи аурухананың құрылысы 2022 жылы аяқталуы тиіс.

Бисенова Жанна