МТРА жаңалықтарыCOVID-19: Қазақстан

СҚО-да өткен аптада санитарлық талаптарды бұзудың 88 фактісі тіркелді

Полицейлер, санитарлар, прокуратура мен әкімдік өкілдерінен құралған мониторингілік топтар рейдтерге шығып, санитарлық талаптардың сақталуын тексеруді жалғастыруда. Өткен аптаның өзінде облыс бойынша 90-ға тарта бұзушылық анықталды.

Мамандар дүкендер, дәріханалар, дәмханалар мен сауда орталықтарын аралап, ондағы қызметкерлердің маска мен қолғап киюін және антисептиктердің болуын бақылады. Сондай-ақ, жұмысын бастамас бұрын әр бизнесмен кәсіпкерлер палатасынан барлық санитарлық және гигиеналық нормалардың сақталғанын дәлелдейтін рұқсат қағазын алуы тиіс. Петропавлдағы бір дүкен мен 2 дәмханада бұл құжат болмай шыққан. Оларға олқылықты тез арада түзету керектігі ескертілді. Ал Жамбыл көшесінің бойындағы қоғамдық тамақтану орындарының бірі локдаунға қарамастан келушілерді демалыс күндері де қабылдаған. Дәмхана басшылығы айыппұл арқалады. Ал кеше коронавирусқа қарсы шаралар жөніндегі кеңесте сөз алған мемлекет басшысы пандемия кезінде тексеруші органдар құзіреттерінің біршама артқанын айтып, оларды асыра пайдаланбауға шақырды.

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ – Қазақстан Республикасының Президенті:

– Қашан және кімді қаласам, соны тексеремін” қағидасы қолданылмауы керек. Мен бизнеске жасанды қысым болмауы керек деп айттым, бірақ сонымен бірге карантиндік шаралар және жалпы эпидемияға қарсы режим тиісті тексерулерді қажет етеді. Міне, осы мәселеде бізге тепе-теңдікті таба білу керек. Өкінішке қарай, вирус шегініп жатқан жоқ, сондықтан тексерістер қажет және олар жалғаса береді.

 

 

Эльмира Садвокасова