Жазықсыз жапа шегіп, сталиндік-тоталитарлық жүйенің қуғын-сүргініне ұшырағандардың арасында жерлес ұстаздар да бар. Олардың ерлік ісі туралы толыққанды зерттелмеген. Қызылжар өңірінің педагогтары жайлы профессор Гүлназ Ахметованың жуырда жарық көрген “Қуғын-сүргін құрбаны болған ұстаздар” атты монографиясында жазылған.
Сонау 37-38-ші жылдары тоталитарлық режимге жақпай, “халық жауы” деп танылғандардың арасында 8 мыңға жуық солтүстікқазақстандық болған. Олардың 1 жарым мыңы ату жазасына кесіліпті. Қара тізімге Есіл ауданындағы Қарағаш ауылының тумасы Жүсіп Айсин де енгізіген. Жерлесіміз өткен ғасырдың ортасына таман ағартушылық қызметпен айналысқан екен. Бар мақсаты – қаракөз қазақ балаларын жазуға, оқуға үйрету еді. Бұл туралы көпшілікке оның жиені Бақыт Нұрышева айтып берді.
Бақыт Нұрышева – М.Жұмабаев атындағы жоғарғы колледжінің педагогы:
– Осы іс-шарада мен де өзімнің нағашы атамның өмірбаянын айтуға жөн санадым. Атам – Айсин Жүсіп. Ол ауылдың екі жылдық мектебін, ұлы М.Жұмабаев білім алған төрт жылдық татар “Ғалия” мектеп медіресесін аяқтаған. Еңбек жолын 16 жасында жалдамалы мұғалім қызметінен бастаған. Кейін ауылдың бастауыш мектебінде мұғалім болған.
Бірақ, қылышынан қан тамған кеңес үкіметі жерлесіміздің қызметін, істеп жүрген ісін саясатқа қарсы амал деп таниды. 38-дің сәуір айында 42 жастағы Жүсіп Айсин тұтқынға алынады. Ал сол жылдың қазанында НКВД үштігінің шешімімен ешқандай тергеусіз ату жазасына кесіледі. Осы орайда мынандай ақпаратпен бөлісейік. Өткен ғасырдың ортасына таман қазақ балаларын білім нәрімен сусындатамын деп жүздеген мұғалім құрбан болды. Осы орайда ҚР Ұлттық ғылым академиясының академигі, профессор Гүлнәз Ахметованың «Қуғын-сүргін құрбаны болған ұстаздар» деген атаумен кітабы жарыққа шықты.
Амина Тайланова – “Өрлеу” БАҰО АҚ филиалы “СҚО ПҚ БАИ” зертхана меңгерушісі:
– Бұл монография педагогикаляқ тарихнама бойынша өте өзекті. Бірақ, аз зерттелген. Кітапта 20-ғасырда қуғын-сүргінге ұшыраған қоғам қайраткерлері мен ұстаздар жайлы жазылған.
Бұл монографияның алғашқы беттерінде бәрімізге таныс А.Байтұрсынов, М.Дулатов, С.Сейфуллин, М.Жұмабаев сынды көрнекті қайраткерлердің өмірі мен шығармашылығы жайлы жазылған. Айта кетейік,«Қуғын-сүргін құрбаны болған ұстаздар» атты кітапқа Қазақстанның түрлі өңірінде еңбек еткен мұғалімдер туралы мұрағаттық мәліметтер мен қоса құжаттар да еніпті.
Ешкенова Дана