COVID-19: ҚазақстанЕрiктiлер

Белсенді жастар тегін маска таратуды жалғастыруда

Петропавлдық волонтерлер қалалықтарға қорғаныс құралдарын тегін таратуды жалғастыруда. Белсенді жастар бүгін де көшелерге шығып, өткен-кеткенге маска, қолғап пен жадынама үлестірді.

Тәжді вирустан сақтанудың жолдары талай рет айтылып, жазудайын жазылып жатыр. Сонда да немқұрайлық танытып, бетпердесіз жүретіндер де кездеседі. Осындай жандарға қаладағы еріктілер санитарлық норманы сақтаудың маңызын тағы бір мәрте еске салуды жөн көрген.

Анастасия Волкова – СҚО ішкі саясат басқармасы қоғамдық даму және ақпараттық орталығының бөлім басшысы:

– Өткен аптадан бастап тұрғындарға жастар бастамалары бөлімінің еріктілері 3 мыңға жуық маска, 1 мың жадынама және 500 медициналық қолғап таратты. Бұндай акциялар індетті жұқтыру жағдайларын азайтуға септеседі деген үміттеміз.

Мұндай науқанға жергілікті жанашыр жандардың еттері әбден үйренген. Олар әдеттегідей, бетперде мен медициналық қолғаптарын алып тұрғындарға тарата бастады. Тағы, қолдарында коронавирустан сақтану жолдары жазылған жадынама қағаздары да бар. Белсенді жастар флешмобты әуелі “Рахмет” сауда үйінің алдынан бастап, кейін адамдар көп шоғырланатын Конституция көшесіне қарай беттеді.

Дильназ Марат – ерікті:

– Пандемия кезінде денсаулыққа аса назар аударған жөн. Аты жаман індеттен сақтану үшін бетперде тағып, қолды антисептикпен өңдеу керек. Мұндай акцияға қатысу арқылы тұрғындардың денсаулығын сақтауға шамалы болса да өз үлесімізді қоссақ деген үміттеміз.

Қызылжарлық жастардың мұндай бастамаларына тұрғындар да ризашылықтарын білдіруде.

– Еріктілерді толықтай қолдаймын. Өз-өздеріңізді күтіп, сақтанып жүріңіздер.

– Осы науқанды қолдаймын. Маска тағу өте маңызды. Әр адам өз денсаулығын ойлау керек. Арақашықтықты сақтау қажет.

Бүгінгі акция аясында еріктілер қала тұрғындарына 500-ге жуық маска мен жадынама қағаздарын таратты. Бұл іс-шара алдағы уақытта да жалғасын таппақ.

Алтынай Қазиқан