Спорт

Петропавлдық жігіттер кәсіби бокста жеңіске жетті

Петропавлдық жігіттер кәсіби бокста жеңіске жетті. Евгений Павлов пен Мұрат Тұрманбетов шаршы алаңдағы кездесулерін Атырау мен Алматы қалаларында өткізген болатын. Евгений – танзиялық, ал Мұрат оралдық қарсыласының мысын басып, өңір намысын абыроймен қорғап қайтты.

Демалыс күндері спортсүйер солтүстікқазақстандықтар үшін қобалжулы өтті. Себебі, сенбі мен жексенбіде қос жерлесіміз шаршы алаңда өңір намысын қорғады. Қазанның 31-і күні Евгений Павлов Атырау қаласында 2-ші рет жекпе-жегін өткізді. Ол танзиялық Гудлак МрЕмамен кездесіп, қарсыласын 2-ші раундтың 45-ші секундында нокаутқа жіберді.

Ал кеше Мұрат Тұрманбетов кәсіпқой рингтегі 2-ші кездесуін өткізді. 20 жастағы спортшы 63 келі салмақ дәрежесінде қолғап түйістірген. Қарсыласы – оралдық Жандыр Сұлтанғалиев. Жекпе-жек 4 раундтан тұрды. Бастапқыда оралдық жігіттің осал тұстарын байқап көрген Мұрат соңғы раундта бар күшін жинады. Осылайша 40:36 есебімен жеңіске жетті.

Мұрат Тұрманбетов – кәсіпқой боксшы:

– Осы жекпе-жекке 2 ай бойы дайындалдым. Екінші рет шығып тұрмын. Бірнішісі кездесуден соң дайындықты күшейттім. Жеңіске жеттім.

Мұрат Тұрманбетовтың кезекті жекпе-жегі алдағы қаңтар айында ұйымдастырылады. Қарсыласының нақты кім екені әзірге белгісіз.

Маржан Қасымбек