Мәдениет

Ш.Уәлихановтың 185 жылдығына арналған дөңгелек үстел жиыны өтті

Қазақ халқының ұлы кемеңгері. Осындай тақырыпта Сәбит Мұқанов атындағы облыстық кітапханада  Шоқан Уәлихановтың 185 жылдығына арналып дөңгелек үстел жиыны өтті. Шараға тарихшылар, ардагерлер кеңесінің мүшелері мен жастар қатысты.

Шоқан Уәлиханов 1835 жылы Қостанай облысы Сарыкөл ауданына қарасты Құсмұрын ауылында дүниеге келді. Ұлы ғалымның балалық шағы әжесі Айғанымның жанында Сырымбет елді мекенінде өтті. Әжесі жас Шоқанның білімге деген қызығушылығын ояту үшін ежелгі аңыз-әңгімелерді жиі айтып отырған.

Зылиха Бимақанова – Kozybayev University профессоры:

– Әжесі Айғаным өте білімді, білікті кісі болған. Көптеген тіл білген. Шоқанның өзін Шоқиғаным деп еркелетіп, содан кейін барлығы Мұхаммед-Қанафияны Шоқан деп атап кеткен. Жалпы, әжесі Шоқанды бала кезінен ғылымға дайындаған деп айтамыз. Оны алға итермелеп, білімге деген ынтасын оятқан.

“Абылай”, “Шаман дінінің қазақ арасындағы қалдықтары”, “Жоңғария очерктері”. Шоқанның көптеген қолжазбалары мен зерттеулері сақталған. Құнды еңбектер алғаш рет 1904 жылы басылып шығарылды. Ғалымның халқымыздың мәдениеті мен әдебиеті туралы жазған 5 томдық еңбегі де бар.

Әсем Әбдірайымова – Kozybayev University оқытушысы:

– Шоқан Уәлиханов қазақ өлеңдерін, жырларын құрылысына қарай, 5-ке бөліп кетеді. Көптеген фольклорларымызды орыс тіліне аударған. Орыс халқына, өзге халықтарға таныта талай еңбек атқарып, артынан баға жетпес мұра қалдырған.

Мерейтойлық шараға жергілікті қоғам қайраткерлері, университет оқытушылары мен Әскери институттың курсанттары, жалпы 20-ға жуық адам қатысты.

Алтынай Қазиқан