Қысы-жазыжап-жасыл күйінде тұратын қарағай ағаштары бүгін қаладағы Уәлиханов көшесінің бойына егілді. Барлығы – 70 түп көшет отырғызылды. Мамандардың айтуынша күзде егілген жасыл желек көктемге дейін тереңінен тамыр жайып, нық беки түседі.
Ағаш отырғызу бір қарағанда қарапайым жұмыс болып көрінуі мүмкін. Бірақ, іс жүзінде бұл ептілік пен біліктілікті қажет етеді. Бір бұрыс қимыл ағаштың болашағына зор нұқсан келтіреді. Ал Уәлиханов көшесінде өсіп тұрған ағаштар Кеңес кезінде отырғызылған екен. Және олар дұрыс егілмеген көрінеді. Тым биік болып өскендіктен, уақыт өте келе электр желісіне тие бастаған.
Тимур Зверяченко – дендролог:
– Көріп отырғанымыздай, бұған дейін ағаштар жыл сайын кесіліп отырған. Шірік тұстар мен саңырауқұлақтар жасыл желектің өне бойын жайлаған. Қазіргі уақытта ескі ағаштар түп тамырымен алынып, орнына жас көшеттер егілуде. Бұл жерге қарағай отырғызу – дұрыс шешім.
Қылқанжапырақты көшеттер өңірдің тәлімбақтарынан әкелініпті. Бір Уәлиханов көшесінің бойына осындай 70 түп отырғызылды. Бұл шаруаға “Қасенов” жеке кәсіпкерлігі жауапты.
Айдар Қасенов – «Қасенов» ЖК басшысы:
– Ағаштарды отырғызу үшін арнайы “Оптимал 2000” атты техниканы қолданамыз. Өткен көктемде де жасыл желек егумен айналыстық. Жұмысымыз оң нәтиже беріп, бүгін де сол істі жалғастырып отырмыз.
Мамандар алдағы уақытта қарағай көшеттерін Гашек көшесінің бойына отырғызуды жоспарлап отыр.
Алтынай Қазиқан