Көлік және жолдар

Жол сапасы – басты назарда

“Сапалы жол”. Осындай жоба аясында арнайы мониторингілік топ өкілдері мен құзырлы орталық мамандары  жаңа төселген жол жабындысының сапасына бақылау жасайды. Тексеріс шараларының бірі жуырда Қызылжар ауданындағы Новоалександровка селосының маңындағы жол бойында жүргізілді.

Бұл – Қызылжар ауданындағы Новоалександровка селосына апаратын су жаңа трасса. Тақтайдай тегіс асфальтты жергілікті жұртшылық ұзақ күтті. Себебі, мұнда бұрын мүлде жол болмапты. Тұрғындар елді мекенге айналма жолмен қатынап, машақатты молынан тартқан екен. Түйтікілді мәселе биыл шешімін тапты. 3 шақырымға асфальт төселіп, жүріп-тұру жеңілдеді. Әлі де тындырар іс бар.

Артем Погосян – “Норд Жолдары” ЖШС директоры:

– Бүгінгі таңда шаруаның басым тындырылды. Енді жол жиектерін қалыпқа келтіріп, белгілер салу қалды. Бұл шаруаны айдың соңына дейін аяқтап, трассаны қолданысқа тапсырамыз.

Талап бойынша төселген асфальттың қалындығы – 10 см, ал ені 7 метр болуы тиіс. Тиісті норма қаншалықты сақталған? Осыны анықтау үшін “Сапалы жол” жобасы аясында құрылған арнайы мониторингілік топ өкілдері мен Жол активтерінің ұлттық сапа орталығының мамандары аумаққа арнайы келіп, тексеріс жүргізуде.

Асфальттың қалыңдығы тексерілді. Енді бақылау тобы жолдың енін өлшеуге кірісті. Мердігер барлығын талапқа сай етіп жасапты.

Мұнымен тексеріс біткен жоқ. Алынған сынамалар қорытынды сараптама жасау үшін зертханаға жіберілмек.

Еркен Әбілмәжінов – “Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы” РМК СҚО бойынша филиалының инженері:

– Әзірге, тексерік нәтижесіне көңіліміз толады. Тиісті талап орындалған. Біз жолдан 5 сынама алдық. Кейін зертханаға жіберіледі. Сол жерде сынама жасалып, нақты қорытынды жарияланады.

Айта кету керек, бұл – аралық бақылау. Жұмыс толығымен аяқталғаннан кейін, арнайы мамандар жол сапасын қайта тексермек.

Ешкенова Дана