МТРА жаңалықтары

СҚО-да ел көлемінде теңдесі жоқ мектеп жұмысын бастайды

Ел көлемінде теңдесі жоқ мектеп жұмысын бастайды. Қызылжар ауданына қарасты Петерфельд ауылындағы орта мектепті қалыпқа келтіру үшін «Қызылжар Абай орта мектебі» қоғамдық қоры 300 млн теңгедей қаржы құйған. 1 жылдың ішінде инвестор ғимараттың іші-сыртын түгел қалыпқа келтіріп, білім беру жүйесіне жаңа өзгерістер енгізді. Ұйымның жұмысымен облыс әкімі Құмар Ақсақалов танысты.

Мектеп асханасы тар болған, ал қол жуатын жер санитарлық талапқа сай келмепті. Кітап қоры да әбден ескірген.

Ал нысан алдын қар еріп, жаңбыр жауса болды су басқан көрінеді. Бұған дейін бір шаңыраққа қатысты мәселе шаш етектен болса, соның бәрін бір инвестор біржақты етті. Теп-тегіс асфальт төсеп берді, спорт және ойын алаңқайын салды.

Мектеп ішіне де өң кірді. Жөндеу жұмыстарының ерекшелігі сол, тура шетелдік компанияда жүргендей сезінесің. Заманауи оқыту жүйесі де енгізіліпті. Оны жерлестеріміз финляндиялық әріптестерінен меңгерген.

Гүлзира Уәлиева – Петерфельд орта мектебінің бастауыш пәні мұғалімі, Қызылжар ауданы:

– Фин мектептерінің тәжірибесін қолданысқа енгізу өте маңызды деп ойлаймын. Бастауыш сынып оқушылары үшін интербелсенді құрылғының мүмкіндігі өте зор. Мұнда қазіргі таңдағы білім беру платформаларының барлығы жүктелген.

Сыныптар ең соңғы үлгідегі оқу құралдарымен жабдықталған. Заман игіліктері мен жиһаздарды инвестор Финляндия мен Ұлыбританиядан әкеліпті. Айтуынша, бұл елдер – оқушыға білім беруде әлем бойынша алдыңғы қатарда тұрған мемлекеттер. Сонымен қатар, мектепке жоғары жылдамдықты интернет желісі тартылған. Бұрын ғаламтордың қуаттылығы секундына 8 мега бит болса, қазір 100-ден асады. Енді оқушылар мен мұғалімдердің барлығы Wi-Fi-ға қосылуға мүмкіндік алып отыр.

Ерлан Айтмұхамбетов – «Қызылжар Абай орта мектебі» ҚҚ директоры:

– Мұнда балаларды жастайынан программа жазуға үйретеді. Балалар оны экраннан қарап отырып, алдындағы компьютермен жасап, көріп дағдыланады.

Информатика кабинетінде 10 мыңнан астам симулятор бар. 5 мыңнан астам сабақ мен тәжірибелік тапсырмалар көрсетілген. Мұның барлығы жаңа айтқандай жоғары жылдамдықты интернеттің көмегімен жүзеге асады. Мектепте ерекше үлгідегі кітап оқу бөлмесі де бар. Бұл жерде кітап оқып қана қоймай, мына экранға телефон арқылы қосылып қалаған білім беру контентін тамашалауға болады.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Бұл жоба республика бойынша алғаш жүзеге асырылып отыр. Сондай-ақ, оқу жүйесіне Назарбаев мектебінің базасын енгізіп жатқандарыңыз дұрыс. Мұндай білім ошақтары аудандарымыздың барлық жерінде болуы керек.

Айта кетейік, биыл нысанда күрделі жөндеу жүргізіп, заманауи оқу жүйесін енгізу үшін «Қызылжар Абай орта мектебі» қоғамдық қоры 300 млн теңгедей қаржы құйды. Және білім ошағын күтіп ұстауға 10 жылға мемлекетпен келісім-шарт жасасты. Мамандар алдағы уақытта балалардың барлығын енді тегін тамақтандыруды жоспарлап отырмыз дейді.

Өңір басшысы жақын маңда салынып жатқан үйлерге де ат басын бұрып, мамандармен жүздесті. Мұнда «Петерфельд-Агро» серіктестігінің өкілдері өз жұмысшыларына арнап баспаналар тұрғызылып жатыр. Үйлердің іші кең. Әрқайсысының аумағы 120 шаршы метрді құрайды. Баспаналарға су мен орталықтандырылған жылу желісі тартылады. Әлеуметтік жауапкершілігі жоғары іскер азаматқа Құмар Ақсақалов ризашылығын білдірді.

Құмар Ақсақалов – Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

– Сіз өз ықыласыңызбен үй тұрғызып, қызметкерлерге техника алып беріп жатырсыз. Бұл бастамаңызды қолдаймын. Себебі, жұмысшыларға дұрыс жағдай жасамасақ, олар басқа жаққа көшіп кетеді. Салдарынан кадр тапшылығы орын алады. Кәсіпорында ұзақ жыл бойы еңбек еткен тәжірибелі мамандарды ауылда қалдыру керек және осындай жолмен жас кадрларды тарту қажет.

Кең үйлер көпбалалы отбасыларға беріледі. Ал 1-2 баласы барларға 85 шаршы метрлік баспананың кілті табысталады. Тұрғындар бұл үйлерді сатып алмайды. Яғни, кәсіпорында қанша уақыт қызмет етсе, сонша жыл тегін тұра бермек. Тек ай сайын коммуналдық төлем жасап тұрса болғаны

Асқар Мәдиев – «Петерфельд-Агро» ЖШС бас директоры:

–  Бізде жұмыс істейтін, балалары бар отбасыларға береміз. Отбасында 1 адам біздің серіктестікте мал шаруашылығы саласында жұмыс істесе болды.

Серіктестік басшысы жалпы мұндай 20 үй тұрғызуды жоспарлап отыр. Оның 6-уы биыл қолданысқа бермек. Қалған 14-і келесі жылы тапсырылмақ.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан