Татьяна Бесмельцева Кеншінбаев көшесінде орналасқан 24-ші үйде тұрады. 67 жастағы зейнеткердің сөзінше, баспанада 2 айға жуық ыстық су жоқ. Оған қоса жылу да берілмепті. Қазір нәзікжанды мен оның жолдасы мынандай жылыту қондырғысы арқылы пәтер ішін жылытып отыр екен. Одан да пайда шамалы.
Татьяна Бесмельцева – қала тұрғыны:
– Мен бірінші қабатта тұрамын. Баспанамыз жоғарыда орналасқан пәтерлерден әлдеқайда суық. Сондықтан жылыту қондырғысын қолданамыз. Бірақ, құрылғы тұрғын жайдың ішін аса жылытпайды. Әрі біраз электр энергиясы кетеді. Жақын арада жылу мен ыстық судың берілгенін қалаймыз. Әйтпесе, азын-аулақ зейнетақымыздың басым бөлігі коммуналдық төлемдерге жұмсалатын болады.
Бұл – жалғыз Татьяна Бесмельцеваны ғана емес, осы үйде тұратын 500-ге жуық адамды толғандыратын өзекті проблема. Мәселенің мән-жайын жіті баяндайық. Осыдан 2 ай бұрын баспананың маңындағы жылу трассасы істен шығыпты. “Құбырларды жөндеуге болады”,- дейді жауапты мекеме өкілдері. Бірақ, қалыпқа келтіру жұмыстарын жүргізуге көпқабатты үйдің дәл жанында тұратын жеке сектор иесі рұқсат бермей отыр екен.
Сергей Мазур – қала тұрғыны:
– Жылу трассасы менің үйімнің аумағында орналасқан. Нақтырақ айтсам, жердің асты арқылы өтеді. Ол қазіргі таңда жұмыс істеп тұрған жоқ. Жөндеу жүргізуге қарсымын. Неге десеңіздер, іске жауапты мамандар құбырды жер үстіне шығармақшы. Ал мұндай шаруа атқарылса, ауламның көркі бұзылады әрі құбыр жүріп-тұруға кедергі келтіреді.
Бұл ретте айта кеткен жөн, Сергей Мазур құбырды басқа жерге ауыстыруға қарсы емес. Бірақ, «Петропавл жылу желілері» серіктестігіне қойған талабы бар. Оны бізге әңгіме барысында жауапты мекеме өкілдері мәлім етті.
Андрей Калиничев – «Петропавл жылу желілері» ЖШС бас директоры:
– Азамат ай сайын 180 000 теңге төлеуді талап етіп отыр. Бұл сомма қолымдағы құжатта көрсетілген. Осынша ақша төленіп тұрса, жерлесіміз жылу трассасын аулаға шығаруға да, басқа жерге ауыстыруға да қарсы емес. Біз мұнымен келіспейміз. Қазір мәселе сотта қарастырылып жатыр. Бірақ, іс ұзаққа созылады.
Мәселе осында. Іс ұзаққа созылып кетсе, арнамызға шағымданған петропавлдықтар әлі біраз ыстық сусыз, жылусыз отырады деген сөз. Сондықтан проблеманы жедел шешу қажет. Сол үшін “Петропавл жылу желілері” серіктестігінің өкілдері мен Сергей Мазур сенбі күні қалалық әкімдікте кездесіп, проблеманы біржақты етуге келісті. Алайда, Сергей Мазур кездесуге келмепті. Қазір жергілікті билік мәселені шешу жолдарын ойластыруда.
Бисенова Жанна