Биыл Әдеп кодексінің орындалу барысын қадағалайтын уәкілдер 23 басқармаға тексеріс жүргізген. Нәтижесінде 8 мемлекеттік мекеме басшылығының кодекспен белгіленген қағиданы орындамағандығы анықталды. Сондай-ақ, 21 қызметкер тиісті ережені ескермеген.
Әділдік, шыншылдық пен көрегенділік. Бұл – мемлекеттік қызметшілерге қойылатын басты талаптар. Оның орындалуын өңірлердегі әдеп жөніндегі уәкілдер қадағалайды. Мамандар Әдеп кодексіндегі 5 тармақта жазылған ережелердің барлығын ұстанулары қажет. Құжат 2015 жылы жарық көрген Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтің «100 нақты қадам» ұлт жоспарына сәйкес қайта өзгертілген.
Сеилхан Серікбаев – СҚО әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі:
– Біздің өңірде әдеп жөніндегі уәкіл өз жұмысын 2017 жылы бастады. Аудандарда бұл қызметті жергілікті әкімдердің орынбасарлары атқарады. Іске кіріспес бұрын олар арнайы тапсырмаларды орындап, тиісті тексерістен өтті.
Тексеру шаралары көрсеткендей, кей басқарма басшылары қол астындағы жандарға шамадан тыс міндет жүктеп, жұмыста ұзақ уақыт ұстайтын көрінеді. Мұны әдеп өкілдері жасырын сауалнама жүргізу арқылы анықтайды. Егер факті расталса, ережені елемейтін ведомство жетекшісіне ескерту жасайды. Ол да ескерілмесе, құзырлы органдар шара қолданатын болады.
Сеилхан Серікбаев – СҚО әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілі:
– Жыл басынан бері 23 басқарма тексерілді. Оның 8-інде қызметкерлердің жұмыста 8 сағаттан артық отырғандары анықталды. Қазір арнайы тізімге енген басқармалар жіті бақылауда.
Жыл басынан бері облыс әкімі аппаратының әдеп жөніндегі уәкілінің қатысуымен 225 мәрте түсіндіру жұмысы жүргізіліпті. Мемлекеттік қызметкерлер арасында семинарлар мен арнайы дәрістер өткізілген. Тұрғындармен кездесулер ұйымдастырылып, толғандырған сұрақтарына жауап берілген. Сөз соңында мынадай статистикаға тоқтала кетейік, биыл облыста мемлекеттік мамандардың тарапынан әдеп нормаларын бұзудың 21 фактісі тіркелген.
Маржан Қасымбек