Аптадағы маңызды жаңалықтар

Құс тұмауы СҚО-да 11 ауданда тіркелді

Бұл – Тимирязев ауданындағы көрініс. Бір түн ішінде ондаған құс қынадай қырылып қалған. Дәл осындай жағдай өңірдегі өзге 10 ауданда тіркеліп отыр. Барлығына себеп – көршілес Ресейден жабайы құстар арқылы таралған тұмау. Бүгінде солтүстікқазақстандықтардың көктем мен жаз бойы күтіп-баптап өсірген 11 мың 500 қазы, тауығы мен үйрегі мерт болды. Ветеринарлар эпизоотиялық жағдайы ушыққан елді мекендерді карантинге жауып жатыр. Шектеу шараларына, әзірге, 17 ауыл ілікті. Селолардан қанаттылар мен оның өнімдерін шығаруға тыйым салынған.

Гүлмира Исаева – ҚР Ауыл шаруашылығы вице-министрі:

– СҚО-да аса қауіпті ауруды ауыздықтауға бүгінде 79 маман мен 12 бірлік техника жұмылдырылды. Республикалық жасақ тұмау тараған елді мекен тұрғындарын аралап, барлық құстарды тексеріп жатыр. Егер өлген немесе ауруды жұқтырған қанаттылар тіркелсе, қысқа мерзімде олардың барлығының бірдей көзі жойылады. Осылайша, індеттің Қазақстанның өзге аймақтарына таралуына тосқауыл болады.

Осыған дейін әлеуметтік желілер мен БАҚ-та Бескөл құс фабрикасында бір күнде 180 мыңнан аса қанатты қырылды деген ақпарат тараған болатын. Бірақ, кәсіпорынның берген есебі мен мамандардың жүргізген тексеріс нәтижесіне сүйенген бас ветеринар бұл санды жоққа шығарып отыр.

Берік Әлжанов – СҚО ветеринария басқармасының басшысы:

– Бескөл құс фабрикасында қыркүйектің 19-ы мен 21-і аралығында 41 мың құс қырылды. Қазір Бескөл құс фабрикасы бойынша республикалық комиссия жұмыс жасап жатыр. Өлген құстарды өртеп жатыр. Карантинге жабылған елді мекендерде дезинфекциялық бекеттер қойылады. Өлген құстарды алып, орындарын зарарсыздандырады.

Өзге ірі 5 құс фабрикасында жағдай тұрақты. Мұнда індетті жұқтырған қанаттылар тіркелген жоқ. Аурудың алдын алу үшін өндіріс ошақтары вакцинамен қамданулары тиіс. Алдағы уақытта тұмау өршіп тұрған аймақтан 20 шақырым жердегі және Ресеймен шекаралас елді мекендердегі үй құстарына да екпе егіледі. СҚО-ға бұл мақсатқа 873 мың доза вакцина бөлінген. Ал қысқы азығынан айырылған азаматтар мен өндіріс ошағына өтемақы төленеді. Оның көлемі әлі белгісіз. Бірақ, республикалық бюджеттен аталған мақсатқа 390 млн теңге бағытталыпты. Жалпы, індет қазір біздің өңірде ғана емес, өзге 5 аймақта таралуда. Дегенмен, Ауыл шаруашылығы министрлігі бұл дүкен сөрелеріндегі бағаға әсер етпейді дейді.

Еркебұлан Ахметов – ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және қайта өңдеу департаментінің директоры:

 – СҚО өз қажеттілігін осы құс фабрикалары есебінен қамтамасыз етіп отыр. Әрі өзге өңірлерге саудалайды. Жалпы, Қазақстандағы жұмыртқа бағытындағы 35 құс фабрикасы бар. Олардың қуаттылығы ішкі нарықты қамтамасыз етуге жеткілікті. Сондықтан, жағдай – бақылауда.

Еске сала кетейік, құс тұмауы адамға термиялық өңдеуден өткен, яғни пісірілген не қуырылған ет пен жұмыртқадан жұқпайды.

 

 

Эльмира Садвокасова