Үйде оқитын мүмкіндігі шектеулі ұл-қыздардың заңды өкілдеріне берілетін төлем көлемі артпақ. Бұл туралы бүгін қалалық қоғамдық кеңесінің кезекті отырысында айтылды. Жиында, сондай-ақ, аз қамтылған отбасыларға қолдау көрсету жайы да қозғалды.
Бүгінгі қоғамдық кеңесте талқыланған алғашқы мәселе – мұқтаж азаматтарды әлеуметтік қолдау. Мінберде – жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Данияр Асылбеков. Маман баяндама оқыды, кейін кеңес мүшелері сұрақ қойды. Аз қамтылған отбасыларға тұрғын үй көмегі қаншалықты көрсетіліп жатыр? Бұл сауал бекерден-бекер қойылған жоқ. Соңғы уақытта осы мәселе аса талқыланбайтын болыпты.
Данияр Асылбеков – қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:
– Қазіргі уақытта бізге осы мәселе бойынша адамдар хабарласып жатыр. Әсіресе, зейнет жасындағы жандардың қатары басым. Олар әкімдік арқылы тұрғын үй алғысы келеді. Неге зейнет жасындағы жерлестеріміз? Бұл санаттағы тұрғындарға тағайындалған барлық жәрдемақының мөлшері артуда. Яғни, кіріс көлемі көбеюде. Зейнеткерлер осы мүмкіндікті пайдаланғысы келеді.
Жетекші істі жіті баяндады. Бірақ, шаруаға қоғамдық кеңес мүшелерінің көңілі толмады. Олар Данияр Асылбеков басшылық ететін бөлім ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын әлсіз жүргізіп жатқандығын атап өтті. Сөздерінше, жаңа мәлеметтер 100 пайыз әлеуметтік желілер мен теледидар арқылы халыққа жиі хабарлануы керек.
Сергей Худяков – қалалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:
– Сіздердің жергілікті газеттерге ақпарат беретіндеріңізді білемін. Бірақ, оны тек зейнеткерлер оқиды. Бұл ретте менің бір өтінішім бар. Мәліметтерді теледидар мен әлеуметтік желілер арқылы жариялап тұрсаңыздар екен. Және әлеуметтік көмекті халыққа жалпы әрі түсінікті түрде жеткізу қажет.
Екінші мәселе – мүгедек балаларды қолдау шаралары. Мүмкіндігі шектеулі ұл-қыздардың бір бөлігі арнайы оқу орындарында білім алады. Егер олар мұндай мекеме бармай, үйде оқыса, заңды өкілдеріне төлем жасалады. Алдағы уақытта төленетін бұл ақшаның көлемі артуы мүмкін.
Данияр Асылбеков – қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы:
– Ағымдағы жылы мұндай әлеуметтік көмекке 107-і отбасы жүгінді. Бүгінде олардың 53-іне ай сайын төлем жасалады. Оның көлемі 3 АЕК құрайды. Біз төленетін ақшаның мөлшерін арттырғымыз келеді. Сондықтан сіздердің қарауларыңызға төлемді 5 АЕК дейін ұлғайту мәселесін ұсынамыз.
Қалалық қоғамдық кеңес мүшелері бұл ұсынысты қолдады. Алдағы уақытта төлемі көлемі артады. Айта кетейік, бүгінде үйде оқитын мүмкіндігі шектеулі ұл-қыздардың заңды өкілдері жылына 72 мың теңге беріледі. Жақын болашақта бұл сомаға тағы 50 мың теңгеден астам қаражат қосылмақ.
Дана Ешкенова