Құқық қорғау органдары

Әскери билет пен жүргізуші куәлігін жасап беруді ұсынған алаяқтың әрекеті әшкере болды)

80 мың теңгеге жүргізуші куәлігін немесе әскери билет жасап беремін. Қазіргі күні әлеуметтік желілер мен мессенджерлерде осындай хабарлама көбейіп кеткен. Тіпті, бейнедәлелдеме түсіріп, “Міне, мен сатып алдым, мың алғыс!” – деп пікір жазған азаматтар да жетерлік. Олардың арасында солтүстікқазақстандықтар да бар.

Бұл кісілердің барлығы Заур есімді ер адамға алғыстарын жаудырып жатыр. Пікір қалдырған жандар – Қазақстан мен Ресей азаматтары. Арнайы телеграм каналда мұндай видеолардың талайын көруге болады. Араларында теріскей өңірінің тұрғындары да бар. Айтуларынша жаңағы Заур деген адам белгілі бір көлемдегі қаражатқа әскери билет пен жүргізуші куәлігін жасап береді екен. Әлеуметтік желіде автордың өзі жазған мынандай хабарландыру да бар.

Біз ресми жүргізуші куәлігін жасаймыз, түпнұсқада, сіздің барлық деректеріңіз дерекқорда болады, бағасын нақтылаңыз!
Жүргізуші құқығынан айыруға қатысты мәселені де шешеміз.
Әскери билет жасаймыз.
Қазақстан, Ресей елдері бойынша қызмет көрсетеміз, ал өзге мемлекеттер турасында нақтылап алу қажет.
Құжаттар курьер арқылы сіздің қолыңызға тапсырылады немесе почта бөлімшесіне жеткізіледі.
Сондай-ақ, куәліктерді өз қалаңыздағы АВТОЦОНДА немесе ауданаралық емтихандық-тіркеу бөлімінен ала аласыз.
Тауарды алмай тұрып қызметтің 50 пайызын төлейсіз, қалған соманы затты қолыңызға алғанда аударасыз.

Естігендеріңіздей барлық шаруа ресми түрде атқарылады-мыс. Ақшаны төлесеңіз болды, дайын құжатты қолыңызға апарып ұстатады екен. Жүргізуші куәлігін жасату үшін 60-тан 80 мың теңгеге дейін. Әскери билеттің құны одан да жоғары. Бұл хабарландыруға «Қызылжар – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің өкілдері де кездейсоқ тап болыпты. Мамандар істің рас-өтірігін білу үшін арнайы мониторинг жүргіздік дейді.

Сәлімхан Сәбитов – «Qyzyljar – adaldyq alany» жобалық кеңсесінің жетекшісі:

– Заур деген адам мүлде жоқ. Біз онымен байланысқа шығуға тырыстық. Нөмірі өшірулі жатыр.

Бүгін аталған мәселе облыс орталығында өткен брифинг барысында талқыланды. Мән-жайды анықтау мақсатында тиісті орган өкілдері шақырылған. Олар да бұл ақпараттың жалған екенін жеткізді. Айтуларынша мемлекеттік органдар мұндай құжаттарды сатумен айналыспайды. Бұл – заңға қайшы әрекет.

Арман Әлібеков – СҚО қорғаныс істері жөніндегі департаменті мемлекеттік қызмет көрсету қызметінің бастығы:

– Әскери билеттерді ешкім сата алмайды. Өйткені, бізде әр құжаттың нөмірі базада тіркеулі тұрады. Оны біреуге жазып беру мүмкін емес. Ол үшін бас бостандығынан айыру жазасы бар. Тұрғындар мұндай хабарламаларға сенбеулері керек.

Евгений Зубков – Мамандандырылған ХҚКО бөлім басшысы:

– Біздің орталықта жүргізілетін рәсімдер бейнебақылауға алынған. Емтихан тапсыру кезінде кабинет пен компьютердегі құрылғылар адамның іс-әрекеттерін жазып тұрады. Жүргізуші куәлігін алу деген оңай шаруа емес. Барлығы заң бойынша, белгілі бір тәртіппен атқарылады.

Тегін ірімшік тек қақпанда ғана болады. Мамандар тұрғындарға интернетте жүрген хабарламалардың бәріне бірдей сене бермеулерін сұрайды. Және аталған факті бойынша іздестіру шараларын жалғастырамыз дейді.