Аптадағы маңызды жаңалықтар

Емханаларға тіркелу науқаны бастау алды

Ел бойынша емханаларға тіркелу науқаны бастау алды. Оның аясында тұрғындар қалаған емдеу мекемесіне жазылуға құқылы. Дегенмен, ақ халаттылар азаматтарға тұрғылықты жеріне жақын деген медициналық мекемені таңдауға кеңес береді. Бұның бірқатар артықшылықтары бар көрінеді.

Елімізде емханаларға азаматтарды тіркеу 9 жыл қатарынан үздіксіз жүргізіліп келеді. Яғни жыл сайын тұрғындар қыркүйектің 15-і мен қарашаның 15-і аралығында медициналық ұйымға тіркеліп үлгерулері тиіс.

Дана Сәлімқызы – тілші:

– Қазақстандықтарға емханаға тіркелуге екі ай уақыт берілді. Осы аралықта тұрғындар қалаған емдеу мекемесін таңдай алады. Медициналық ұйымға 2әдіспен тіркелуге болады. Алғашқысы – таңдаған емханаға тікелей бару арқылы, екіншісі – электронды қолтаңбаны пайдаланып, онлайн тіркелу.

Енді бұл қос әдіске толығырақ тоқталып өтейік. Мәселен, алғашқысы бойынша емханаға келесі санатқа жататын тұрғындар ғана тіркеле алады:

· зейнеткерлер;
· мүгедектер;
· заң бойынша бала кезінен мүгедекке тағайындалған қамқоршылар;
· қорғаншылар не қамқоршылар, патронат тәрбиешілер;
· жазасын өтеп жатқан сотталған адамдар; (жазасын өтеу орны бойынша)
· студенттер;
· мерзімді қызметтегі әскери қызметшілер;
· шет мемлекеттерде туған балалар;
· сенімхат бойынша тіркеуді ресімдейтін адамдар.

Осы орайда айта кетейік, бұл топқа енген жандар өтініш пен жеке басын куәландыратын құжат ұсынулары қажет. Ал екінші әдіс арқылы тұрғындар үйден шықпай-ақ, e.gov.kz веб-порталы арқылы тіркеле алады.

Әсел Жармұқанова – №3 қалалық емхананың аға учаскелік медбикесі:

– Ол үшін электрондық үкіметтің e.gov.kz веб-порталына кіріп, «Медициналық-санитарлық алғашқы көмек көрсететін медициналық ұйымға тіркелу» қызметін таңдау қажет. Кейін электрондық цифрлық қолтаңба арқылы өтініш бересіз. Барлығы сәтті өткен жағдайда азаматқа медициналық ұйымнан электрондық құжат түрінде тіркеу туралы хабарлама жолданады.

Жалпы, тұрғындар қаланың қай аумағында тұрса да көңілдерінен шығатын емдеу мекемесін таңдауға құқылы. Алайда, ақ халатты абзал жандар тіркелушілерге медициналық ұйымды тұрғылықты жеріне жақын жерден таңдау қажеттігін атап өтті. Себебі, бұл дәрігерге науқасты үнемі қадағалап, тіпті, үйіне барып қызмет көрсетуге мүмкіндік бермек. Айта кетейік, бір жалпы тәжірибедегі дәрігер – ең көбі 1700, ал терапевт 2200 адамды қарай алады.

Сәбира Даирова – №3 қалалық емханасы бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары:

– Егер халықтың саны көп болып жатса, біз жаңа тіркелушілерден бас тарта аламыз. Тағы, егер емделушілердің құжаттары дұрыс болмаса, оларды да тіркей алмаймыз.

Бүгінде 3-ші қалалық емханаға 72 мыңнан астам солтүстікқазақстандық тіркелген. Оның 21 мыңы – балалар. Сөз соңында айта кетейік, бұған дейін өз емханаларында тіркелген жандар 2 ай ішінде қайта тіркелмесе, автоматты түрде сол ұйымда қала береді.

Дана Сәлімқызы