Солтүстік Қазақстан облысында “Нұр Отан” праймеризінің екінші кезеңіне 645 кандидат өткен. Бас партия депутаттығынан үміттілер енді өзара пікірсайысқа түсіп, сайлаушылардың алдында бағдарламаларын қорғап, мейілінше көп дауыс жинауға тырысып бағады. Алғашқы дебатты бүгін саяси ұйымның Петропавлдағы филиалы өткізді.
Таяқ жерге тасталды, нұротандық праймериздің ең қызықты бөлігі басталды. Алайда, залда – қарбалас. Артық трибуна, микрофондардағы ақау мен өзге де ұйымдастырушылық кемшіліктер беташар пікірсайысты уақытылы бастауға мүмкіндік бермеді. Мұндай деңгейдегі саяси дебат тарихта алғаш өтіп отыр, сондықтан ауадағы толқыныс температурасы аса жоғары. Петропавлдан партияішілік сайлауға 114 кандидат қатысады. Мінберде – алғашқы 5-уі.
Кеңес Мұқышев – “Nur Otan” партиясы Петропавл қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Пікірсайыс екі кезеңнен тұрады. Бірінші кезеңде әр үміткер өзінің бағдарламасын айтады, қаланың көркеюі жайында өз көзқарасын білдіреді. Екінші кезеңде әр үміткер бір біріне бір сұрақтан қяды.
Депутат болсам не істеймін? Әр үміткер шешендік өнері және көкейіндегі тың бастамалары арқылы сайлаушыларды өзіне дауыс беруге көндіруі тиіс. Праймериз кандидаттарын біріктіретін мақсат бір – өзі тұратын өлке жұртының мұңын мұңдап, жоғын түгендеу. Сондықтан дебатта оппонетке қарсы шығудың қажеті жоқ. Бастысы – өз көзқарасыңды түсінікті тілмен жеткізе білсең болғаны. Осының бәріне – небәрі 5 минут және 1 ғана мүмкіндік. Яғни, мінберге ешкім екінші мәрте шықпайды. Егер спикер ауырып қалса, пікірсайысқа онлайн қатысуы тиіс. Өйтпесе, әңгіме қысқа.
Кеңес Мұқышев – “Nur Otan” партиясы Петропавл қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары:
– Үміткер келмесе, ұйымдастырушылық комитеттің шешімі бойынша ол келесі кезеңдерге қатыспайды. Праймеризден мүлдем шығып кетеді.
Петропавлдық үміткерлердің бірі ұлтаралық келісімді нығайту сынды ауқымды мәселелерді көтерсе, енді бірі жас жанұяларға баспана алуға көмектесемін дейді. Үшіншілері айта-айта жауыр болған шаһардағы қоғамдық көлік проблемасын біржақты етпекші. Жалынды сөздерді тыңдау үшін залға келгендер көп болмады, ал келмегендер үшін пікірсайыс әлеуметтік желілерден тікелей эфирде көрсетілді. Айтпақшы, эфир кезінде үміткерлерге сұрақ қоюға болады. Қазанның 1-і мен 3-і аралығында қатардағы нұротандықтар өз таңдауларын жасап, партия белсенділерінің жаңа құрамын сайлайды. Сондықтан әр сайлаушының дебат барысын тамашалау мүмкіндігі болуы тиіс.
Саят Ермек – тілші:
– СҚО-дан билеуші партия праймеризінің екінші кезеңіне 645 кандидат өткен. Олар 109 топқа бөлініпті. Мұндай пікірталастар қыркүйектің 30-ына дейін күн сайын әр аудан орталығы мен Петропавл қаласында өткізіліп отыратын болады. Дебаттардың өтетін орны мен уақыты жайлы ақпаратты жергілікті филиалдардың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларынан білуге болады.
Саят Ермек