Спорт

Жергілікті “ESIL SK” ВК ҚР кубогі мен чемпионатқа дайындалуда

Жергілікті “ESIL SK” волейбол клубы Қазақстан кубогі мен ел чемпионатына қызу дайындалуда. Әзірлік жұмыстары Александр Винокуров спорт сарайында өтіп жатыр. Ала допты алақанда ойнатқан жігіттердің жаттығуымен әріптестерім танысып қайтты.

Мәди Бетенов волейболмен 13 жасынан айналысады. Бастапты кезеңде жерлесіміз “ESIL SK” клубының жастар құрамасында ойнапты. Ал 2 жыл бұрын негізгі командаға ауысқан екен. Қазір жерлесіміз әріптестерімен бірге алдағы ел кубогының финалына және чемпионатқа қызу дайындалып жатыр.

Мәди Бетенов – “ESIL SK” ВК ойыншысы:

– Тамыз айында Щучинск қаласында оқу-жаттығу жиындары өтті. Қазір дайындықты Петропавлда жалғастырып жатырмыз. Бұл мүмкіндік үшін облыс жетекшісіне алғыс айтқым келеді.

Дайындық үшін барлық жағдай жасалған. Қаламыздағы Александр Винокуров спорт сарайының іші кең, қажетті заттардың бәрі бар. Спортшылар күніне 2 рет жаттығады. Құрама жаттықтырушысы Алексей Терениннің сөзінше, жігіттердің барлығы біріншілікке сақадай сай.

Алексей Теренин – “ESIL SK” ВК бас жаттықтырушысы:

– Команда аптасына 4 сағаттан 6 рет жаттығады. Құрама ойыншыларының басым бөлігі – жергілікті жігіттер. Тек екеуі – шетелдік. Олар командамызға Ресей мен Беларусь мемлекетінен келді.

Жалпы, қазір жергілікті құрама сапында 12 ойыншы бар. Айта кетейік, бүгінде тартысты бәсекелердің қашан бастау алатыны белгісіз.

Жанна Бисенова