МТРА жаңалықтары

Ювеналдық полицейлер құқық бұзушылық бойынша рейдтер жүргізуде

Онлайн дәрістер, тікелей эфирлер … Пандемияға байланысты ювеналдық полиция қызметкерлері жасөспірімдермен жұмыс істеудің жаңа тәсіліне көшті. Күнделікті кешкі рейдтерді де естен шығарған жоқ. Осындай жұмыстың нәтижесінде Петропавлда 490 құқық бұзушылық анықталды.

Негізінен, бұл кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта көшеде ересектерсіз жүруі.
Жасөспірімдердің алкогольдік ішімдік ішуі және ата-аналарының бала тәрбиесіне байланысты міндеттерін орындамауы. Жаз бойы полиция қызметкерлері қала ішін аралап, кәмелетке толмағандар мен олардың ата-аналарына жадынамалар таратты.

Одан бөлек, жолдарда және су айдындарында қауіпсіздік ережелерін түсіндірді. Сондай-ақ, балалар еңбегін пайдалану фактілерін болдырмау, көпқабатты үйлердегі терезелерге қатысты қауіпсіздікті қамтамасыз ету және нашақорлықтың алдын алу мақсатында рейдтер өткізді. Жыл басынан жекелей 64 тексеріс жүргізілген. Бұл жұмыстарға еріктілер мен барлық мүдделі мемлекеттік органдардың өкілдері белсене ат салысты. Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі инспекторлар алдын алу жұмыстарын жалғастыруда. Жаңа оқу жылы қарсаңында «Мектепке жол», «Қауіпсіз мектеп», «Назар аударыңыз, балалар!» сияқты акциялар өткізу жоспарлануда.

Альбина Балтабаева, Петропавл қалалық ПБ ювеналдық полиция бөлімшесінің аға инспекторы:

– Тек облыс орталығында кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта үйден тыс жүргені үшін 287 құқық бұзушы жауапқа тартылды. Түрлі бұзушылықтар үшін кәмелетке толмаған 44 бала, сондай-ақ 64 отбасы есепке қойылды. Қазіргі уақытта СҚО-да полиция есебінде 92 ата-ана тұр, олармен профилактикалық жұмыстар жүргізіледі.

Алтынай  Қазиқан