Аптадағы маңызды жаңалықтар

“Nur Otan”-да партияішілік іріктеу басталады

Партия көшбасшысы, Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасы бойынша праймериз 17-ші тамыздан 3-ші қазан аралығында өткізіледі. Бұл саяси додаға әр аудан, облыс және қала мен партия ұйымынан кез келген азамат қатыса алады. Праймериз – бұл партияның атынан Парламент Мәжілісіне және барлық деңгейдегі мәслихаттарға депутаттыққа кандидаттарды ұсыну мен үздік резервті анықтауға арналған партияішілік іріктеу. Бұған дейін сайлау халықтың тікелей қатысуымен өткізілетін. Енді ереже сәл өзгерді. Алдағы уақытта жүргізілетін сайлаулардың барлығы партиялық тізім бойынша жасалады.

Әсем Рахметова – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– 17-ші тамыздан бастап праймеризге қатысуға құжаттарды жинау басталды. Осы аралықта міндетті түрде кандидат болғысы келетін, партияның тізіміне енгісі келетін адам бізге келіп құжат тапсыруы керек.

Іріктеуге қатысқысы келетін кандидат өзінің жеке басын растайтын куәлігі, істі болмағаны жөніндегі, әсіресе, сыбайлас жемқорлыққа қатысы жоқтығын дәлелдейтін анықтама және наркологиялық пен психологиялық диспансерде тіркеуде тұрмағандығы турасында анықтама әкелуі қажет. Сонымен қатар, қатысушылар міндетті түрде филиалға келіп өтініш білдіріп, міндеттеме қабылдайды.

Әсем Рахметова – «Nur Otan» партиясы СҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:

– 7-ші қыркүйектен 3-ші қазан айына дейін агитациялық жұмыс басталады. Сондай-ақ, кандидат міндетті түрде дебатқа қатысуы тиіс.

Ал пандемияға байланысты дауыс беру онлайн түрде өтетін болады. Яғни, партия мүшелері «Праймериз» қосымшасы арқылы кез келген жерде болсын өз таңдауын жасай алады. Айта кететін тағы бір жайт, кандидаттардың санында шектеу болмайды. Мамандардың айтуынша бүгінде аға буыннан гөрі жастар көп өтініш беріп жатыр екен. Себебі, қазіргі уақытта жастарға көп мүмкіншілік жасалып отыр. Өйткені, заңнамалық өзгерістерге сәйкес, партиялық тізімдегілердің 30 пайызы – әйел адамдар, 20 пайызы 35 жасқа дейінгі жастар болуы керек екен.

 

 

 

 

Бердимурат Баймухан