Айта-айта жауыр болған мәселе. Аты жаман індеттен құтылу үшін санитарлық нормаларды қатаң сақтау қажет. Талап әуелде қойылған, бірақ сол талапқа немқұрайлылық танытатындар да кездесіп жатады. Әсіресе, қоғамдық көлікте. Қазір санитарлық нормаларды түсіндіру жұмыстарына құзырлы орган өкілдері еріктілерді тартып отыр.
Асем Айтулова, қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің баспасөз хатшысы:
– Облыстың бас санитар дәрігерінің қаулысына сәйкес, автобустарда жүру тәртібі бар. Автобусқа кірген тұрғындардың барлығы міндетті түрде маска тағулары қажет. Қоғамдық көлікте көп жолаушы болмауы керек және арақашықтық сақталуы тиіс. Осыны тағы бір рет тұрғындардың естеріне салғымыз келеді.
30-ға жуық ерікті жұртты ережені сақтауға, үнемі маска тағып жүруге үндеуде. Белсенді жастар таңғы 7-ден кешкі 7-ге дейін күллі қаланы аралап, қызу түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Ерқанат Бостан, ерікті:
– Аялдамаларда тұрған адамдарға санитарлық нормаларды қатаң ұстанып, жол қатынас көліктеріне тек қана маскамен кіруді ескертеміз.
Еріктілер талапқа бағынбаған жанды ешбір жауапкершілікке тарта алмайды, әрине. Дегенмен, ережені елемесе де, ұмытып кетіппін деген сылтау айтқан жанның есіне салады. Айтылған өтінішті естір құлақ болса. Көзі ашық, көкірегі ояу адам бұл талапты орындары хақ.
-Жастар, тіпті, кәрі адамдар да масканы кимейді. Сондықтан, қайтадан ауыруда. Масканы базарда, дүкендерде киеміз. Жалпы, маска киген дұрыс. Менің жастарға айтарым, қай жерде болса да маска киіп жүру керек.
– Әрине, оңды, әрине дұрыс. Санитарлық норманы сақтау керек. Бұл барлығымызға қатысты жағдай. Біз жанұямызбен ылғи маскамен жүреміз. Қолымызды жуамыз.
Бетпердені өз денсаулығымыз үшін тағатынымызды естен шығармаған абзал. Қарапайым, жалпыға ортақ шара жаппай орындалған жағдайда коронавирус жеңіледі. Қалыпты өмірге оралу әрқайсысымыздың дұрыс әрекетімізге байланысты.
Алтынай Қазиқан