Ауыл шаруашылығы

Қолданыссыз жатқан 73 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды

Алқаптарды алып, бірақ мақсатсыз пайдаланған шаруалар жер салығын 10 есе көп төлейді. Қазір мал жайылымы мен егістіктер қатаң бақылауға алынған. Соңғы екі жылдың ішінде мемлекетке қолданыссыз жатқан 73 мың гектар қайтарылыпты. Алдағы уақытта бұл бағыттағы шаруа өз жалғасын таппақ.

Өңір аумағының 73 пайызы ауыл шаруашылығымен айналысуға арналған. Яғни, 5 млн гектарға алтын дән сеуіп, 2 млн гектарда мал бағуға мүмкіндік бар. Мемлекеттен бөлінген бұл алқаптарды мақсатты пайдалану үшін тиісті күтім қажет.

Жалғас Сүлейменов – СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:

– Былтыр аграрийлер жер құнарлылығын қалыпқа келтіру үшін алқаптарға 120 мың тонна минералды тыңайтқыш сіңірді. Бүгінде бұл көрсеткіш – 94 мың тоннаны құрап отыр. Айта кету керек, топырақтың құрамын жақсарту бойынша біздің аймақ өзгелерден алда тұр. 3,4 млн гектардағы фитосанитарлық жағдайды қалыпта ұстау үшін арамшөптерге қарсы химиялық өңдеу жүргізілді.

Ал, кейбір аграрийлер тыңайтқыш сіңіріп, химиялық өңдеу жасау дегенді мүлдем ұмытқан көрінеді. Диқандар ақша шығарып, бұл шараларды жүргізу түгілі, мемлекеттен бөлінген алқапты да жөнді пайдаланбайды. Жер қатынастары туралы заңды бұзған солтүстікқазақстандықтар тексеріс барысында анықталды. 2019-шы жылғы бақылау нәтижесінде 239 мың гектарда мал жайылмайтыны, 54 мың гектар жерде егін егілмей, арамшөп басқаны белгілі болды.

Жалғас Сүлейменов – СҚО ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:

– Екі жылдың ішінде мемлекетке 73 мың гектар қайтарылды. Оның 42 мыңы – мал жайылымы, қалғаны егістікке арналған жер. Алқаптарды алып, бірақ мақсатсыз пайдаланған шаруалар жер салығын 10 есе көп төлеуге міндеттелді. Осылайша, былтыр бюджетке 175 млн, биыл 14 млн теңге түсті.

Мақсатсыз пайдаланған жерлер мемлекетке қайтарылды. Енді олар жауапкершілігі жоғары аграрийлерге үлестірілмек.

 

 

 

 

 

 

Эльмира Садвокасова