ТЖ

Қызылжар ауданында 37 жастағы азамат суға батып кетті

Өткен аптада өңірде өрт пен суға қатысты 59 оқыс оқиға орын алған. Өкінішке қарай, 1 жайт қайғылы аяқталды. Тамыздың 1-і күні түнгі 11-лер шамасында Қызылжар ауданының Бригадское көліне 37 жастағы ер адам батып кетті. Мұнда жерлесіміз достарымен демалған екен.  Куәгерлердің сөзінше, ол ішімдік ішіп, шомылыпты. Қазір сот-медициналық сараптама жүргізілуде.

Игорь Жуков – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Өңірімізде жалпы жыл басынан бері 8 адам су құрбаны болды. Көз жұмған жандардың барлығы негізгі ережелерді елемеді. Сондықтан тұрғындарды қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырамыз.

Шомылу маусымы басталғалы облыста жедел құтқару жасағымен 17 адам құтқарылды. Оның біреуі – бала. Алдағы уақытта оқыс оқиғаларды болдырмау мақсатында Төтенше жағдайлар департаментінің өкілдері жергілікті полиция қызметкерлерімен бірлесіп, ауқымды үгіт-насихат жұмысын жүргізіп жатыр. Кезекті өзге тақырыпқа берейік. Тамыздың 2-сі күні Мамлют ауданында өрт фактісі тіркелді. Оттың шығуына 6-8 жас аралығындағы балалар себепші. Кішкентай тұрғындар далада ойнап жүріп, үйіліп тұрған шөпті өрттепті.

Игорь Жуков – СҚО ТЖД бастығының орынбасары:

– Қызыл жалын Калугино селосындағы тұрмыстық ғимараттан бастау алып, екіпәтерлі жеке үйге жеткен. От 220 шаршы метрді шарпыды. Абырой болғанда, ешкім зардап шеккен жоқ. Мамандар өртті кешкі сағат 20:15-те толықтай сөндірді.

Брифингте Игорь Жуков соңғы уақытта өлкемізде дала өрті жиілеп кеткенін мәлімдеді. Мысалы, өткен аптаның өзінде облысымызда мұндай 11 жағдай орын алыпты.