Дала жұмыстары кезіндегі көрсеткіш көңіл көншітпейтін сияқты! Аймақта бірнеше апта 30-35 градустық ыстық болды, оның үстіне, кейбір аудандарда сәуір айының соңынан бері бір тамшы жаңбыр жаумады. Осының салдарынан егістік алқаптар қурап, күзде қамбалардың толмай қалу қаупі бар. Десе де арамызда танабын сақтандырып, алдағы уақытта өтемақы алатын кәсіпкерлер де жоқ емес.
Жамбыл ауданындағы Кабань ауылының маңы. Алыста жайылып жүрген мал жергілікті “АСТЫҚ” шаруа қожалығына тиесілі. 300 бас ірі қараға аптап ыстық түк емес. Ал танаптағы ахуал мүлде керісінше. Жаңбырсыз 3 ай ішінде шаруашылықтың 1200 гектар егістігі жаппай қурап қалыпты.
Саят Ермек – тілші:
– Сәуірдің 29-ынан бері мына алқаптарға бір тамшы су тимеген, ал қазір шілденің бел ортасы. Сондықтан 10-15 сантиметрге биігірек болуы тиіс зығыр өсімдігі бой көтермей қалған. Бәріне себеп – жауынның жоқтығы мен аптап ыстық. Жағдайдың мүшкілдігін жердегі мына жарықтардан да байқауға болады. Сондықтан, шаруашылық агрономының сөзінше, биыл мол өнімді күтпей-ақ қоюға да болады.
Аман Жақыпов – “АСТЫҚ” шаруа қожалығының агрономы, Жамбыл ауданы:
– Зығыр алқаптарының бір гектарынан өткен жылдары 10-12 центнер өнім алатынбыз. Ал биыл көп дегенде 5-6 центнер жинасақ, мұның өзі үлкен жетістік болады.
Қазір зығырдың нағыз гүлдейтін шағы дейді агроном. Алайда, ылғалдың аздығынан өсімдік тым ерте жетілген. Орақты да бірер аптаға ертерек бастауға тура келеді. Тек қауыздың көбі бос, ішінде дәні жоқ. Тіпті қуаңшылыққа төзімді бидайдың өзі сыр бере бастапты. Өсімдік түбінен аяусыз қурап жатыр. Алдағы бірер күнде аспаннан нұр жауса, алтын дәнді құтқаруға болады. Бірақ, былтырғы гектар берекелігі бақандай 29 центнер болса, биыл бұл көрсеткіш – арман болып қалатын сыңайлы.
Жаз мұншалықты құрғақ болады деп аграрийлер тіпті ойламаған еді. “АСТЫҚ” шаруашылығының басшысы бірдеңені сезді ме, әйтеуір алқаптарын қуаңшылықтан 600 мың теңгеге сақтандырып қойыпты. Жуырда сақтандыру компаниясы қоңырау шалып, оң хабар айтады. Ғарыштағы жерсерік танаптың құрғау көрсеткішін 3 процент деп бағаласа керек. Сондықтан, агроқұрылымға манағы 600 мыңның үсінен тағы шамамен жарты миллион төленбек. Қаражат әлі шотқа түспепті. Бірақ, бұл ақша құрғақшылық келтірген шығынды толықтай ақтамайды дейді мұндағылар.
Аман Жақыпов – “АСТЫҚ” шаруа қожалығы агрономы, Жамбыл ауданы:
– Өтемақы тұқым мен жанармай сатып алуға кеткен шығынды ғана жабады және шаруашылықта еңбек ететін 12 жұмысшының жалақысын өтеуге ғана жетеді.
Пайдадан қағылғандарға мұның өзі – жоқтан тәуір. Табиғаттың нендей мінез көрсететінін болжау мүмкін емес. Алқаптарды ерікті сақтандыру – бұл отандық ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры былтыр енгізген жаңашылдық. 15 жыл бойы аграрийлер егістіктерін сақтандыруға міндеттеліп келген болатын. Бірақ, қор бөлген өтемақы тіпті минималдық шығындарды жабуға мүмкіндік бермеген еді. Биылдан бастап тәртіп өзгерді.
Нұржан Ергенов – “Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры” АҚ СҚОФ кепілдендіру және сақтандыру бойынша менеджері:
– Сақтандыру үрдісі “Qoldau” деп аталатын электрондық жүйеде жүргізіледі. Мұндағы 3 компанияның бірімен диқан өзінің ЭЦҚ-сын, яғни электрды цифрлы қолданбасын пайдаланып, келісім-шартқа отырады. Қор процесске мүлде қатыспайды. Дихандардың майлы және дәнді дақылдарын жазғы қуаңшылық пен күзгі жауын-шашыннан сақтандыру мүмкіндігі бар. Алқаптардың зақымданғаны автоматты түрде анықталады, өтемақы да автоматты түрде төленеді.
Мұндай мүмкіндікті биыл облыстың қанша диқаны пайдаланғаны белгісіз. Белгілісі – олардың қатары қалың емес. Өңір климатына тән емес құрғақшылық жергілікті шаруаларды бүгінде әбден әбігерге салуда. Танабын сақтандырмағандарға енді көктен жауын тілеуден басқа амал жоқ.
Саят Ермек