COVID-19: Қазақстан

Өңірде 643 адам коронавирустан айғып шыққан

Соңғы мәліметтерге сүйенсек, өңірде 1532 адам тәжді вирусты жұқтырған. Бүгінге дейін 643 солтүстікқазақстандық қауіпті індеттен құлан-таза айығып шығыпты. Солардың бірі – қала тұрғыны Дәурен Камзин. Азамат маусымның 9-ында ауруханаға ауыр хәлде жеткізілген екен. Тек осыдан бірер күн бұрын ғана үйіне оралыпты.

Дәурен Камзин – қала тұрғыны:

– 6 июня я почувствовал первые признаки простуды. Ели поднялся до квартиры.

Кейін Дәурен Камзиннің басы қатты ауырыпты, әлсіздік сезіліп, құрғақ жөтел қысқан екен. Осылай бірнеше күн жүрген. Кейін дене қызуы да көтеріліпті. Ауру шыдатпағасын азамат жедел жәрдем көмегіне жүгінген. Мамандар ПТР-тест алып, «бронхиттің» жеңіл түрі деген диагноз қойыпты. Бірақ, сараптама нәтижесі 35 жастағы жерлесіміздің коронавирус жұқтырғанын көрсеткен.

Дәурен Камзин – қала тұрғыны:

– Ауруханаға ауыр хәлде жеткізілдім. Себебі, коронавирусты жұқтырдым деп ойлағаным да жоқ. Денім сау, менде бәрі жақсы екеніне сеніп жүре беріппін. Бас ауруы, жөтел қарапайым ОРВИ сияқты тез өтіп кетеді үміттендім. Бірақ, бұлай болмады. Аурудың асқынған кезін есіме алсам денем түршігіп кетеді.

Дәурен Камзин – салауатты өмір салтын ұстанып, дене шынықтыруға ерекше көңіл бөлетін әуесқой спортшы. Бірақ, індет тепсе темір үзетін азаматты да аямады. Петропавл тұрғыны бастапқы 10 күн аурудан жанының қатты қиналғанын айтады. Ауа жетпей, тынысы тарылған да көрінеді. Ажалмен күресте тек ақ халатты абзал жандардың арқасында ғана жеңіске жеттім дейді ол.

Дәурен Камзин – қала тұрғыны:

– Дәрігерлерге алғысым шексіз. Күндіз-түні қасымнан кетпей, жағдайымды бақылауда ұстады. Кей кездері қол-аяғымды қимылдатуға, тіпті сөйлеуге де шамам жетпейтін. Олар дәрі-дәрмегімді беріп, өздері тамақтандырып жүрді. Медициналық қызметкерлер өзге үшін өз жанын қауіпке тігіп жүр. Ел қаһармандарына мың рет бас исең де аздық етеді.

Тәжді вируспен күрес 1 айға созылыпты. Азамат аурумен арпалысып жатқанда үйді екі қызы оның тілеуін тілепті. Диана мен Линараның жастары небәрі 6-да. Екеуі егіз. Балғындар анасынан ерте айырылған екен. Жалғыз қорғанышынан да көз жазып қаламыз ба деп қорыққандарын айтады.

Диана Камзина – Дәуреннің қызы:

– Иә, қатты сағындым. Тез жазылып кетсе екен деп тіледім.

Линара Камзина – Дәуреннің қызы:

– Әкем үйде болмаған кезде бірге ойнаған сәттерді еске алдым. Қашан келеді екен деп күттім.

Абырой болғанда, жанұяның көрген қиындықтары артта қалды. «Сақтансаң сақтаймын» демекші енді Дәурен Камзин спортқа қыздарын да баулып жүр. Ол солтүстікқазақстандықтарға да денсаулықтарына барынша күтіммен қарап, сақтық шараларын ұстануға кеңес берді.

 

 

 

 

Маржан Касымбек